Сымбатты мысықтар, мультфильмдегідей сүйкімді иттер, пері қыздар, айдаһарлар мен гүлмен көмкерілген алқаптар — Қарағандыдағы Терешкова көшесіндегі үйлердің бірінің қасбеті жылдан-жылға құлпырып келеді. Мұнда бірінен соң бірі жаңа мозаикалық туындылар пайда болуда. Ал осы көркем әлемнің жалғыз авторы — Любовь Першукова. Ешкімнің өтінішін күтпей, ешқандай міндеттемесіз, ол өз бастамасымен сүреңсіз қабырғаларды ашық аспан астындағы шынайы өнер галереясына айналдырып жүр.
Қар еріп, күн жылына бастаған сәттен-ақ Любовь Першукова жұмыс киімін киіп, іске кіріседі. Шығармашылық маусым қысқа — уақытты тиімді пайдалану керек.
— Кафельден мозаика қалауды өзбек шеберлерінен үйрендім. Олар мен бұрын еңбек еткен автопарктегі бокстар мен жуу орындарында жұмыс істейтін. Жұмыстары өте әдемі болатын. Қарап тұрып, «мұны кіреберісте де жасауға болады ғой» деп ойладым. Адамдар пәтерден шыққанда плитка бетінде жарық ойнап тұрса, көңіл күйі бірден өзгереді, — дейді шебер.
2014 жылы сылақшы мамандығын меңгерген Любовь дипломдық жұмысын кіреберіс тамбурын кафельмен қаптау арқылы қорғады.
Кейін тағы бірнеше аралықты безендірген. Алайда негізгі жұмысын құрылыс жұмыстарымен қатар алып жүру тым ауыр болғандықтан, бұл істі уақытша тоқтатуға тура келген.
Тек 2020 жылы, зейнетке шыққан соң, ол сүйікті ісіне қайта оралды.
Алғашқы мозаикалық туынды — пері қыз бейнесі. Теңіз тақырыбы бүгінге дейін оның ең сүйікті бағыттарының бірі.
— Алғашқы жұмысымды жасағанда көп нәрсе бірден сәтті шыққан жоқ. Бұл менің алғашқы тәжірибем еді. Әсіресе перінің жүзін ұзақ іздедім. Жаман шықты деп ойламаймын, бірақ маңызды бір жайтты ескермеппін — шашы. Бұл — мұхит, жел бар, шаш қозғалып тұруы керек еді. Ол кезде оған мән бермедім. Қазір түсінемін: көп нәрсені басқаша жасауға болар еді. Бір күні сол періні қайтадан, бірақ мүлде өзгеше етіп жасағым келеді, — дейді Любовь Першукова.
Шабытты ол көбіне интернеттен алады. Мысалы, бірде балалар жейдесінен көрген мысық бейнесіне бірден ғашық болған. Сөйтіп, қасбетте сымбатты мысық пайда болды.
Ал қайың ағашының бейнесі діңді төсеу кезінде қалған материалдан «өсіп шыққан»: лақтыруға қимаған шебер оған көлем беріп көрмек болып, пенопласт пен қосымша қабаттарды пайдаланып, табиғи бейнеге ұқсас композиция жасаған.
Қыс мезгілінде де жұмыс тоқтамайды. Бұл уақытта Любовь Першукова плиткаларды дайындайды: кеседі, нөмірлеп сұрыптайды, белгі соғады — айлар өткен соң бөлшектерді шатастырмас үшін. Бұрын материалды жөндеуден кейін тасталған кафельден жинаса, қазір қоймалардан ақауы бар плиткаларды алады. Оларды болашақ туындыларға қор етіп, шанамен тасиды.
Оның айтуынша, көршілердің көзқарасы әрқилы: алғашында қарсылық танытқандар да болған, алайда уақыт өте келе ризашылық білдіреді. Ал көшеден өтіп бара жатқан жандар тоқтап, суретке түсіреді. Осылайша бұл үй әлдеқашан жергілікті көрікті орындардың біріне айналған.
Қазір шебер жаңа жұмысқа дайындық үстінде — қабырғаларды ретке келтіріп жатыр. Ал қандай туынды болатынын әзірге құпия ұстайды. «Тамызда келіңіздер, бәрін аяқтағанда көресіздер», — дейді ол. Сонымен қатар, бұдан да ауқымды жобаларды жүзеге асыруды армандайды.
— Идеялар бар, бірақ алдын ала айтқым келмейді — мұның бәрі уақытты талап етеді. Күрделірек дүниелерді жасап көргім келеді. Басқа елдерде қандай еңбектер жасалып жатқанын көрдім — қамалдар, ірі композициялар. Соның көбін бізде де жасауға болады деп ойлаймын. Ең бастысы — ниет. Ниет болса, бәрін жүзеге асыруға болады, — дейді Любовь Першукова.
Оның еңбегі оңай емес: ерітіндіні тасу, плиткаларды көтеру, қабырғаны бірнеше рет дайындау, әрбір ұсақ бөлшекті ұқыппен орналастыру — бәрі үлкен төзімділікті талап етеді.
— Кейде қатты шаршайсың, тіпті тамақ ішуге де шама қалмайды. Кейде плитка сынып кетіп, қайта-қайта жасауға тура келеді. Бірақ нәтиже соған тұрарлық: алыстан қарағанда бәрі тұтас картинадай көрінеді, ешкім оның қарапайым сынықтардан құралғанын аңғармайды. Ал жарық түсіп, бәрі жандана түскенде, еңбегіңнің зая кетпегенін сезінесің, — дейді шебер.
Ал осы жарқын бейнелердің артында қарапайым, бірақ аса маңызды қасиет жатыр. Бір адамның ешқандай өтінішсіз, еш міндетсіз, өз еркімен айналаны көркейтуге ұмтылысы — көршілер үшін, өтіп бара жатқан жандар үшін, бәріміз үшін ортақ қуанышқа айналып отыр…
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1197800?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау