2026 жылғы 10 сәуірде ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Су тасқыны кезеңінің өтуі туралы» тақырыбында брифинг өтеді. Спикер болып ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров, сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің басқарма басшысы Ғалымжан Қамбарбеков сөз сөйледі.
Спикер Әсет Жылқайдаров су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу мақсатында алдын алу және жедел әрекет ету шараларының кешені іске асырылғанын хабарлады.
Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен республика бойынша 1,3 млн м³-тен астам еріген қар суы сорылды, 89 мың қап және 103 мың тонна инертті материал төселді, 1,8 мың км арықтар мен каналдар тазартылды, 5,8 мың уақытша бөген пен үйінділер салынды, елді мекендерден 9 млн м³-тен астам қар шығарылды. 126 мың тонна жанар-жағармай, 374 мың тонна инертті материал және 4,5 млн қап қоры дайындалды. Республиканың 9 өңірінде жалпы ауданы 626 мың м²-тен асатын 238 учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілді.
Су тасқыны жағдайын бағалау үшін 16 өңірде 46 әуе бақылау ұшуы жүргізіліп, 332 елді мекен қамтылды. Әуеден бақылау жұмыстары жалғасуда.
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері (ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап) автомобиль жолдарында барлығы 52 судың тасуы және 9 жолды су шаю оқиғасы тіркелді. Олардың ішінде 9 судың тасуы және 3 жолды су шаю бақылауда.
Қазіргі уақытта Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда.
Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде Ақмола облысының Қорғалжын ауданында, Сабынды ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде «Шөптікөл» бөгетінің денесі еріген қар суымен бұзылғаны тіркелді. Оқиға орнында азаматтық қорғау қызметтерінің 246 қызметкері, 61 техника бірлігі, сондай-ақ жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Қазіргі уақытта «Шөптікөл» бөгеті қалпына келтірілді. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштерімен Сабынды ауылының шеткі үйлері бойына қаптар төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Су тасқыны салдарын жою үшін азаматтық қорғау қызметтерінің 39 мыңнан астам адам, 12 мың техника, 4 мыңнан астам су сорғыш құралдары және 700 жүзу құралдарынан тұратын күштері жоғары дайындықта тұр.
Мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін тарта отырып, ТЖМ-нің жедел су тасқынына қарсы штабы жұмысын жалғастыруда. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1198203?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау