Қарағандылық боксшылар Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы сапында өңір намысын Дина Исламбекова мен Сабыржан Аққалықов қорғап, екеуі де алтын медальға қол жеткізді.
Әйелдер арасында 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жек турнирдің ең тартысты кездесулерінің біріне айналды. Дина Исламбекова Үндістаннан келген Алфия Пазанға қарсы айқаста сенімді өнер көрсетті. Жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап бастаманы өз қолына алып, қарсыласын нокдаунға жіберді. Үшінші раундта жағдай тағы қайталанды: дәл соққыдан кейін екінші нокдаун тіркелді. Қорытындысында қарағандылық спортшы алтын медаль иегері атанды.
Дина Исламбекова Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен жаттығады. Ол әртүрлі деңгейдегі чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.
Қарағанды облысының тағы бір өкілі Сабыржан Аққалықов 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шешуші жекпе-жекте Өзбекстан спортшысы Жавохир Абдурахимовпен кездесті. Айқас қазақстандық боксшының сенімді жеңісімен аяқталды. Осылайша Сабыржан Аққалықов та Азия чемпионы атанды.
Шахтинск қаласының 24 жастағы боксшысы жаттықтырушы-оқытушы Александр Насибулиннің жетекшілігімен дайындалады. Ол халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 2025 жылы екі әлем чемпионатына қатысып, IBA нұсқасы бойынша өткен әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алған.
Қазақстанның әйелдер құрамасы Азия чемпионаты–2026 қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Команданың еншісінде екі алтын, бір күміс және екі қола медаль бар. Ерлер құрамасы жарысты жалғастыруда.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1198263?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау