Таразда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылдың 23–24 сәуірінде Көне Тараз тарихи-этномәдени кешені аумағында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді. Бұл ауқымды шара көне шаһардың мәдени тынысын жандандырып, ұлттық өнердің жаңа деңгейде дамуына серпін бермек, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Фестивальдің басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін арттыру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде таныту, сондай-ақ шетелдік және жергілікті шеберлер арасында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар, ұмыт бола бастаған дәстүрлі қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту да маңызды бағыттардың бірі.

Ауқымды мәдени шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен, сондай-ақ Алматы мен Түркістан өңірлерінен және Тараз қаласынан 100-ден астам қолөнер шебері қатысады деп жоспарлануда.

Фестиваль аясында келушілер үшін мазмұнды әрі қызықты бағдарлама әзірленген. Атап айтқанда, «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары өтеді. Сонымен қатар, «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас суретшілер мен қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылады.

Сән мен дәстүр үндестігін көрсететін ASPARA FASHION WEEK халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген алып киіздің жанында өтетін «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт те фестивальдің көркін аша түспек.

Қала қонақтары мен тұрғындары үшін көрме аясында ұсынылған қолөнер бұйымдарын сатып алуға, сондай-ақ Тараздың тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасауға мүмкіндік қарастырылған.

Айта кетейік, бұл күндері Тараз қаласы ұлттық дәстүр мен заманауи шығармашылықтың тоғысқан орталығына айналып, әрбір келушіге ерекше әсер сыйлайтын мәдени алаң болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak-zhanaturmys/press/news/details/1198102?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version