Аудан жастарының қатысуымен «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ ҮШІН» тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесудің құрметті қонағы — «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есентүгел Елеукен болды. Іс-шара басталар алдында құрметті қонақ аудан жастарымен бірге ағаш егу акциясына қатысып, қоршаған ортаны қорғау, туған өлкені көркейту және жасыл аймақтарды көбейту бағытындағы игі бастаманы қолдады. Бұл акция жастардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын арттыруға оң ықпал етті.
Кездесуді Жастар ресурстық орталығының басшысы Отаров Нұрғали Жарқынбайұлы жүргізіп, аталған кездесудің жастар тәрбиесіндегі және құқықтық сауаттылықты арттырудағы маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Зәуре Шәмілқызы қатысып, жастар саясаты, қоғамдық келісім, тұрақтылық және ел бірлігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары Бекмұратов Саят Сансызбайұлы сөз сөйлеп, заң мен тәртіптің қоғамдағы орны, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық жауапкершілік және жастардың заң алдындағы міндеттері туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесудің басты қонағы Есентүгел Елеукен жастармен еркін форматта пікір алмасып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарды белсенді азаматтық ұстанымға, жауапкершілікке, отансүйгіштікке және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Сондай-ақ, «Сұңқар мед» клиникасының бас дәрігері Дәулет Тайрахунов жастар денсаулығы, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы мазмұнды ой бөлісті.
Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық әрі еркін форматта пікір алмасты. Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге және қауіпсіз болашаққа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1197852?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау