ТЖМ басшысы Сәтбаев қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімін ашты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

  Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында жарты ғасырдан астам тарихы бар қызметтің жалғасы ретінде жаңа өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Дастан Рыспеков, қызмет ардагерлері және департаменттің жеке құрамы қатысты.

«Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы – бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Құтқарушылар үшін заманауи жағдай жасай отырып, біз азаматтық қорғау жүйесін нығайтып, оның тиімділігін арттырамыз», – деп министр генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов атап өтті.

  Салтанатты рәсім басталар алдында іс-шараға қатысушылар өрт сөндіру бөлімінің командирі Руслан Әбілдиновты бір минут үнсіздікпен еске алды. Оның құрметіне стела мен мемориалдық тақта ашылды. Еске алу шарасына марқұмның туыстары — жұбайы мен қызы қатысты.

  Жаңа өрт сөндіру бөлімі заманауи талаптарға сай салынып, тиімді қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда техникаға арналған кең бокстар, кезекшілік үй-жайлар, демалыс бөлмелері, оқу сыныптары, диспетчерлік бөлім, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, «Batyr team» спорт залы және әмбебап спорт алаңы қарастырылған. Бөлімше тәулік бойы қызмет атқаруға және қала мен оған іргелес елді мекендердегі өрттерге және өзге де төтенше жағдайларға жедел ден қоюға арналған.

  Іс-шара аясында құтқарушыларға жаңа өрт сөндіру автоцистернасының, сорғы-жең автомобилінің және жедел-құтқару автокөлігінің кілттері табысталды. Сондай-ақ құтқарушыларға бөлімше аумағында салынған қызметтік пәтерлердің кілттері де берілді. Екі қабатты қызметтік үйде жеке құрамның тұрмысы мен демалысына қажетті барлық жағдай жасалып, жайлы тұруға толық жабдықталған.

  Іс-шара барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құтқарушылар және азаматтық қорғау жүйесінің дамуына үлес қосқан азаматтар ТЖМ және облыс әкімінің ведомстволық наградаларымен наградталды.

  Бұл оқиға Сәтбаев қаласында орналасқан бұрынғы өрт сөндіру бөлімі шамамен 55 жыл бойы пайдаланылғандығымен ерекшеленеді. Ол ондаған жылдар бойы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтық қорғау жүйесінің маңызды бөлігі болып келді. Жаңа нысан осы тарихтың заңды жалғасы, қызметтің жаңғыруы мен дамуының символы болып табылады және халық саны шамамен 68 мың адамды құрайтын қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  Заманауи инфрақұрылым мен қызмет жағдайы бөлімшенің жауынгерлік дайындығын арттыруға, әрекет ету уақытын қысқартуға және халық пен аумақты төтенше жағдайлардан қорғау бойынша міндеттерді неғұрлым тиімді орындауға мүмкіндік береді.

  Сәтбаев қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы Ұлытау облысы халқының қауіпсіздік деңгейін арттыруға және өртке қарсы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудағы кезекті қадам болды.

  Іс-шара жаңа бөлімше аумағында ағаш отырғызу дәстүрімен аяқталды. ТЖМ басшысы жеке құраммен бірге бөлімше аумағын абаттандыру және көгалдандыру аясында көшет отырғызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1199035?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version