Абай облысы Полиция департаменті Жарма аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Қстаубай Серікбол Берікқанұлы үшін әр жұмыс күні жауапкершілікке толы жаңа міндеттерден басталады. Тергеуші қызметі – тек құжаттармен жұмыс емес, бұл адамдар тағдырына тікелей әсер ететін маңызды әрі күрделі процесс.
Таңғы уақыт әдеттегідей жедел ақпараттарды зерделеуден басталады. Түнгі уақытта тіркелген қылмыстар, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар, шақыртулар мен оқиғалар мұқият талданып, әрбір іс бойынша нақты іс-қимыл жоспары жасалады. Кей жағдайда оқиға орнына шұғыл шығу қажеттілігі туындайды. Мұндай сәттерде уақытпен санаспай әрекет ету – тергеушінің кәсіби міндеті.
Әрбір істің артында адам тағдыры тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Біздің міндет – асығыстыққа жол бермей, барлық деректі мұқият тексеріп, ақиқатты анықтау, – дейді тергеуші Қстаубай Серікбол Берікқанұлы.
Күннің келесі бөлігінде тергеу әрекеттері жалғасады. Тергеуші күдіктілерден жауап алып, сараптамалар тағайындайды, қажетті процессуалдық құжаттарды рәсімдейді және жәбірленушілермен жұмыс жүргізеді. Әрбір тергеу әрекеті заң талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылады. Бұл – әділ әрі объективті шешім қабылдаудың басты кепілі.
Тергеушінің жұмысы – тек қылмысты ашу емес. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамда әділдік принциптерін орнықтыру, – дейді ол.
Тергеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Әр іс – жеке тарих, әр материал – нақты тағдыр. Сондықтан тергеуші үшін басты қағида – заңдылықты қатаң сақтау, дәлелдерге сүйену және әділ шешім қабылдау.
Қстаубай Серікбол секілді қызметкерлердің күнделікті еңбегі – қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Тергеушінің әр күні – әділдікке бастар жолдағы табанды қызмет, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1199980?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау