SPACE4WOMEN Kazakhstan атты ауқымды ғылыми-қоғамдық іс-шара өтті. Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстаннан шыққан алғашқы әйелдің ғарышқа ұшуы және әйелдердің ғылым мен ғарыш технологияларын дамытудағы рөлі болды.
Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, аэроғарыш саласының мамандары, білім беру ұйымдары мен жас зерттеушілер қатысты. Кездесу алаңы ғылымның болашағы, технологиялық даму және Қазақстанның жаһандық ғарыш кеңістігіндегі орны туралы ашық пікір алмасу алаңына айналды.
Іс-шараны Ионосфера институтының директоры ашып, өз сөзінде ғылым мен ғарыштық зерттеулерді дамыту – стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Сондай-ақ, әйелдердің ғылымдағы рөлінің артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Кездесудің басты оқиғасы – Қазақстаннан шыққан алғашқы әйелдің ғарышқа ұшуын талқылау болды. Бұл тарихи жетістік бүгінгі жас ұрпақ үшін үлкен шабыт көзіне айналып отыр.
Іс-шара барысында әйелдердің ғылымдағы орнына ерекше көңіл бөлінді. Астрофизик-ғалым Дана Алина өз сөзінде:
«Астрономия – бұл аспанға қараудан басталатын ғылым. Сондықтан ол жынысына, жасына немесе шыққан тегіне қарамастан кез келген адамға тартымды. Ғылыми зерттеулердің жынысы болмайды. Олар қызығушылықты, табандылықты және белгісізді қабылдай білуді талап етеді», – деп атап өтті.
Спикерлер сондай-ақ ғылымдағы әйелдерге қатысты кедергілерді талқылап, қазіргі ғылыми орта біртіндеп ашық әрі қолжетімді бола бастағанын айтты.
Жаңа буынның жарқын мысалы ретінде Алматы қаласындағы НЗМ ФМБ оқушыларының YURT командасы атап өтілді. Олар NASA ұйымдастырған Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауының жеңімпаздары атанып, Юпитер орбитасында шамамен 30 000 адамға арналған ғарыш станциясының жобасын ұсынды. Бұл жоба қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Талқылау барысында қатысушылар келесі мәселелерге назар аударды:
- Қазақстандағы ғарыштық технологияларды дамыту
- ғылымның экономикаға қосатын үлесі
- жаңа буын мамандарын даярлау
- жастар үшін STEM бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейту
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар осындай алаңдардың ғылымды дамыту, тәжірибе алмасу және болашақ көшбасшыларды қалыптастыру үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Ионосфера институты алдағы уақытта да ғылыми диалогты дамытуға және Қазақстанның әлемдік ғылыми әрі ғарыш саласындағы орнын нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1199378?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау