Астанада жасанды интеллект бойынша республикалық олимпиаданың үздіктері марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Astana IT University-де жасанды интеллект бойынша AI Olymp 2026 республикалық олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған олимпиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, жасанды интеллект, спорттық бағдарламалау және деректерді талдау бағытында дарынды оқушыларды анықтайтын негізгі ұлттық алаңдардың біріне айналды. Жарыс қорытындысы бойынша халықаралық бәсекелерге қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев, сондай-ақ IT саласының және академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Биыл іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар онлайн форматта бақ сынады. Кейін еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 40 үздік оқушы Астанаға шақырылып, екі күн бойы күрделі практикалық тапсырмаларды орындады.

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаровтың айтуынша, олимпиадаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді:
«Біз еліміздің үздік оқушыларын іріктеп, финалдық кезеңді Астанада өткіздік. Нәтижесінде халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына қатысатын ұлттық құраманы жасақтаймыз. Бүгінде мұндай жарыстар іріктеуі, дайындығы бар жеке «спорт түріне» айналды. Дәл осы жастар болашақта тек Қазақстанда ғана емес, әлемде технологияның дамуына ықпал етеді», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық деңгейде де өз позициясын нығайтып келеді. Мәселен, 2025 жылы Бейжіңде өткен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада ұлттық құрама жеті медаль, оның ішінде үш алтын жүлде иеленген.

AI Olymp 2026 жеңімпаздары ұлттық құрама сапына еніп, 2-8 тамыз аралығында Астанада өтетін IOAI 2026 халықаралық олимпиадасында ел намысын қорғайды. Аталған додаға 100-ден астам елден оқушы қатысады деп күтіліп отыр.

Олимпиада жүлдегері, BINOM мектебінің оқушысы Архат Хасанов өз әсерін былайша жеткізді:
«Жасанды интеллект бойынша олимпиадаға алғаш рет қатысып отырмын. Тапсырмалар ерекше, логикаға негізделген болды, сондықтан көп нәрсені өз бетімше ойластыруға тура келді. Дайындыққа шамамен бір ай уақыт жұмсадым. Жүлделі орын алғаныма қуаныштымын. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, атмосфера өте мықты – келесі жылы тағы да қатысқым келеді», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасанды интеллект саласындағы олимпиадалық қозғалысты дамыту оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің технологиялық болашағын айқындайтын мамандар буынын қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1199320?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version