Астана қаласының халықаралық әуежайында Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында табысты өнер көрсеткен елордалық спортшыларды салтанатты түрде қарсы алды. Жеңімпаздарды Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері күтіп алды.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов жетекшілік еткен елордалық боксшылар құрлықтық додада жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 2 алтын және 1 қола медаль салды.
Атап айтқанда, 85 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай алғаш рет Азия чемпионы атанды. Айта кетейік, ол бұған дейін 2022 жылы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде иеленген болатын.
Ал аса ауыр салмақта (+90 кг) сынға түскен Айбек Оралбай қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Бұл – оның Азия чемпионаттарындағы үшінші алтыны. Ол бұған дейін 2022 және 2024 жылдары да топ жарған еді.
Сондай-ақ әйелдер арасында 75 келіде бақ сынаған елордалық спортшы Валентина Хальзова Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Үш дүркін Азия чемпионы Айбек Оралбай өз сөзінде команданың жетістігіне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті:
«Бүгін елге оралып, ерекше қуаныштымыз. Жылы қарсы алған баршаңызға алғыс айтамын!
Команда капитаны ретінде айтарым, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Бұл – үлкен жетістік. Өзім чемпион атансам, командамыз да чемпион болды.
Әрине, кейбір сәтсіздіктер де болды. Екі дүркін әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырханның жеңілісі бізге ауыр тиді. Дегенмен, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз.
Алда қыркүйек айында өтетін Азия ойындары бар. Соған тыңғылықты дайындалып, ел намысын абыроймен қорғауға күш саламыз.
Бізге қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насановқа және жеке бапкерім Асқар Еркебаевқа алғысымды білдіремін.
Алдағы уақытта да көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатуға бар күшімізді саламыз. Қазақ еліне рақмет!»
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-sport/press/news/details/1200072?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау