Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 2026 жылғы 3 сәуірде «Банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға рұқсат беру қағидаларын, Банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына банк лицензиясын беру қағидаларын бекіту туралы» № 41 қаулыны қабылады.
Құжат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 2026 жылғы 16 қаңтардағы Заңды (бұдан әрі – Банктер туралы заң) іске асыру мақсатында қабылданды.
Қаулыда:
- Банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға рұқсат беру қағидалары;
- Банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына банк лицензиясын беру қағидалары бекітілген.
Қағидалар Агенттіктің Банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға рұқсат беру және оларға банк лицензиясын беру жөніндегі мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін, ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптарды, құжаттар тізбесін, өтініштердің нысандары мен оларды қарау мерзімдерін айқындайды. Сондай-ақ, банк лицензиясын қайта ресімдеу, телнұсқасын беру, оның қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі көзделген.
Банктер туралы заңда базалық және әмбебап банк лицензиясын енгізу арқылы банктерді лицензиялаудың жаңа тәсілі белгіленеді.
Базалық лицензия шағын банктерге бағытталған және рұқсат етілген операцияларды бір мезгілде шектей отырып, жеңілдетілген реттеушілік талаптарды қолдануды көздейді, бұл банктердің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге және банктік қызметтерді тұтынушылар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Әмбебап лицензия операциялардың кең ауқымын жүзеге асыратын орта және ірі банктерге арналған. Олар үшін олардың қаржы жүйесіндегі маңыздылығын ескере отырып, капиталға, өтімділікке және тәуекелдерді басқару жүйесіне біршама жоғары талаптар белгіленеді.
Сондай-ақ, Банктер туралы заңда әмбебап лицензиясы бар банктер мен бейрезидент банктердің филиалдарына қосымша лицензия негізінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы беріледі.
Осыған байланысты, Қаулыда банк лицензияларының:
– әмбебап/базалық банк лицензиясының,
– исламдық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияның;
– әмбебап банк лицензиясы бар банкке/бейрезидент банк филиалына арналған исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензияның жаңа нысандары белгіленген.
Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1199581?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау