Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (бұдан әрі – ЕҚДБ) басшысының орынбасары Асқар Намазбаевпен және өкілдіктің жетекші банкирі Омонуллахожа Саъдуллахожаевпен кездесу өткізді.
Аталған кездесу Инвестицияларды қорғау жөніндегі бірінші форумның қорытындысы бойынша ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Бауыржан Ералы халықаралық серіктестерді Комитеттің ағымдағы қызметі туралы хабардар етіп, инвесторларды қорғау құралдарына, инвестициялық жобаларды сүйемелдеудегі цифрландыруды енгізуге, сондай-ақ Инвестициялық омбудсменнің рөліне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде, Қазақстандағы ЕҚДБ басшысының орынбасары Асқар Намазбаев жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтіп, сараптамалық қолдау көрсету мен бірлескен бастамаларды іске асыруды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Тараптар тығыз өзара іс-қимыл құқық қолдану практикасына озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге және инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыруға мүмкіндік беретіні жөнінде ортақ пікірге келді.
Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға өзара қызығушылық пен уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kzpi/press/news/details/1199352?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау