Қазіргі таңда интернет алаяқтық пен киберқылмыс түрлері артып, азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруде. Осы орайда Атырау облысында тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерінде ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды. Ақпараттық жадынама парақтары тұрғындардың назарына қолжетімді болуы үшін пәтер есіктерінің тұтқаларына ілініп, сондай-ақ тұрғындармен тікелей байланыс орнату арқылы жеке табысталды.
Іс-шара барысында азаматтарға интернет алаяқтарының кеңінен таралған айла-тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Атап айтқанда, жалған банк қызметкерлері атынан жасалатын қоңыраулар, күмәнді сілтемелер арқылы деректерді иемдену, жалған интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілердегі алаяқтық әрекеттер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау, күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға сақтықпен қарау, екі факторлы аутентификацияны пайдалану және қаржылық қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында интернет алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу мақсатында 15 мыңнан астам жадынама парағы таратылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қырағылық танытуға, жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу полиция органдарына хабарласуға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1199110?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау