Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджет игеру мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің орындалуы мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда. Қысқамерзімді экономикалық өсім индексі 103,5%-ды құрады, негізгі көрсеткіштердің басым бөлігінде оң динамика қамтамасыз етілген.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және сауда салаларында өсім байқалады. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі артты, сондай-ақ қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталып отыр.

«Ауыл шаруашылығында 101,5% деңгейінде өсім қамтамасыз етіліп, көлемі 52,3 млрд теңгені құрады. Құрылыс саласында да оң динамика байқалып, өсім 109,3%-ға жетті, орындалған жұмыстар көлемі – 45,9 млрд теңге. Көлік және қоймалау саласы 110,7% өсім көрсетіп, көлемі 138,9 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 103,3%-ды құрап, 205 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар өңірге 153 млрд теңге инвестиция тартылды», – деді Нұржан Мақсатов.

Баяндамашы сондай-ақ аудандар бөлінісіндегі жағдайға жеке тоқталып, оң үрдістермен қатар, кейбір бағыттар бойынша, оның ішінде инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс және сауда салаларында жұмысты күшейту керектігін атап өтті.

«Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді, сондықтан басты назар нақты нәтижелерге аударылуы керек. Негізгі басымдықтар – инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру. Бізге формалды есептер емес, нақты нәтижелер қажет», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1199574?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version