Олжас Бектенов Президенттің көлік-транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау жөнінде кеңес өткізді.

Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдер енгізу және саланың ел экономикасындағы үлесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің сапасы мен мерзімінде орындалуына назар аударылды.

Кеңес барысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгені құрағаны аталып өтті. Биылғы қаңтар-наурыз айларында саланың өсімі 12,8%-ға жетті.

Өткен жылы автокөлікпен ел ішінде 353 млн тонна жүк тасымалданды, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» бағыттары бойынша жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 4 ірі жоба жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған» және Сарыағаш айналма жолы бағыттарын қамтитын транзиттік дәліздерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жол жөндеу жұмыстарының қамту көлемі 13 мың шақырымға жеткізілді.

ЕАЭО ішкі шекараларындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту аясында өткен жылы 2 учаскеде жұмыс аяқталды. Қазіргі таңда 37 нысан құрылыс жұмыстарымен қамтылған, оларды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

Транзиттік әлеуетті кешенді дамыту аясында теміржол көлігін дамыту мәселелері қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 33 млн тоннаға жетті, бұл 2024 жылғы деңгейден 20%-ға жоғары. Транзиттік тасымал үлесі жалпы көлемнің 10%-ын құрады. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында транзит тағы 14%-ға өсіп, 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін жетті, бұл ретте контейнерлік тасымал 6%-ға ұлғайды.

Кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға назар аударылды. ТХКБ бойынша жеткізу мерзімдерін қысқарту, «Алтынкөл – Поти/Батуми» бағытында өтпелі тарифтер енгізу, Әзербайжан мен Грузиядағы серіктестермен цифрлық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырым теміржолда ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде «Мойынты – Қызылжар» және «Бақты – Аягөз» желілерін салу, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген», «Шалқар – Бейнеу», «Бейнеу – Маңғыстау» және басқа да бағыттар учаскелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Ал теңіз инфрақұрылымын дамыту бойынша Ақтау және Құрық порттарын пайдалана отырып тасымалды жандандыра түсу жөніндегі жұмыстар туралы баяндалды. Осы жылы Ақтау портында су түбін 1,3 млн текше метрге дейін тереңдету жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.

Азаматтық авиация саласына келсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнда 20,8 млн жолаушы тасымалданды, әуежайларда 31,8 млн адамға қызмет көрсетілді, олардың ішінде Астана (9,2 млн адам) және Алматы (12 млн адам) әуежайлары бар. 2028 жылға дейін 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу-қону жолағы, сондай-ақ 5 қаладағы инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары кіреді. Биыл халықаралық маршруттық желіні 30 елде 135 маршрутқа дейін кеңейту жоспарланып отыр (2024 жылы – 115 маршрут).

Жиында Президент тапсырмасы бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде қазақстандық әуе компаниялар үшін отандық авиаотын құнының төмендетілгені баяндалды. Бүгінгі таңда еліміздің әуежайларында бір тонна отынның бағасы шамамен $800 тұрады, бұл оны көрші елдермен салыстырғанда тартымды ете түседі. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларына жаңа шетелдік компаниялар келе бастады, олардың ішінде Centrum Air (Өзбекстан), Shiraq Avia (Армения), Martinair (Нидерланд), One Air (Ұлыбритания), Atlas Air (АҚШ), MNG Airlines (Түркия) және тағы да басқалары бар.

Кеңесте саланы цифрландыру мәселелері де қаралды. Қазіргі уақытта көлік қатынасы әлемнің 42 елімен жүзеге асырылуда, тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің саны 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен. Бұл процедураны жеңілдету және жеделдету үшін бланкілерді беру процесі электронды форматқа ауыстырылды. CarGoRuqsat жүйесі енгізілді, Қытаймен шексіз алмасу қамтамасыз етілді, шетелдік рұқсат бланкілерінің 70%-ы цифрландырылды. 2026 жылдың наурызында Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерімен e-Permit пилоттық жобасы іске қосылды, сондай-ақ халықаралық тасымалдарға арналған e-CMR пилоттық жобасы жүзеге асырыла басталды. Қабылданған шаралар рәсімдердің ашықтығын арттыруға, мерзімдерін қысқартуға және әкімшілік шығындарды азайтуға бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауды, сондай-ақ барлық жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1199536?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version