Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» эко-рейдтерінің қорытындылары шығарылды. 2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзудың 12 мыңнан астам дерегін тіркеді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел анықтау мақсатында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып, тұрғындармен тиімді кері байланыс жолға қойылған. Заңды тұлғалардың жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Іргелес аумақтарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін 92 ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылар қатарында сауда нысандары, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындары, жанармай құю станциялары, техникалық қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ құрылыс алаңдары бар. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеден асты. Тұрғын үй қорын басқарушы ұйымдардың қызметі де бақылауда. Аула аумақтарын тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны және мұзды уақытылы тазаламағаны үшін 5 КСК (ОСИ) басшысы мен подъезд бойынша жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін Полиция департаменті ұшқышсыз ұшу аппараттарын тиімді пайдалануда. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 72 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылып, белгіленбеген орындарға қалдық төккен 34 жүк көлігінің жүргізушісі анықталып, ұсталды. Халықпен өзара іс-қимыл – жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Облыс тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы арнайы интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы хабарлай алады. Түскен хабарламалар негізінде 80 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Соңғы бір апта ішінде ғана аумақтық бөлімшелер шамамен 1 900 құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, бұрын берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін 17 субъект қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қарағанды қаласының Ново-Майқұдық секторында ауыр жүк көліктерінің төрт жүргізушісі ортақ пайдаланылатын жолдарға ластанған дөңгелектермен шыққаны үшін әрқайсысы 64 875 теңге көлемінде айыппұлға тартылды. РТИ индустриялық аймағында Shacman маркалы автокөлік жүргізушісінің тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккені анықталып, оған 64 875 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, 12 сәуірде рұқсатсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған Shacman жүк көлігінің жүргізушісі 43 250 теңге көлемінде айыппұлға тартылып, көлік құралы құқық бұзушылық салдарын толық жойғанға дейін арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция ескертеді: қалдықтарды кәдеге жарату талаптарын елемейтін құқық бұзушылардың көлік құралдары айып тұрағына қойылып, айыппұл толық төленіп, аумақ тиісті жағдайға келтірілгеннен кейін ғана иелеріне қайтарылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1199709?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау