Қарағандыда өткен үстел теннисінен Қазақстанның жастар чемпионатына еліміздің 13 өңірінен 193 спортшы қатысты. Жарыс жоғары бәсекелестік деңгейімен ерекшеленді. Соған қарамастан қарағандылық теннисшілер көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, жалпы 15 медальға қол жеткізді – оның бесеуі алтын, бесеуі күміс және бесеуі қола жүлде.
Чемпионат қорытындысы бойынша халықаралық турнирлер мен алдағы Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құрама жасақталды.
— Тағы бір маңызды міндет – өңірлердегі жаттықтырушылардың жұмысын бағалау болды. Бақылау нәтижесінде Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының үстел теннисі мектептеріндегі спортшылардың дайындық деңгейі артқаны байқалды, Астана да қарқынын күшейтіп келеді. Ал қарағандылық мектеп кезекті рет өз көшбасшылығын растады, — деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Эльмира Әлиева.
Айта кетерлігі, әйелдер арасындағы командалық сында финалда қарағандылық екі команда кездесті. Сонымен қатар жекелей сында жүлделі тұғырдың толық құрамын осы өңірдің өкілдері иеленді.
Ерлер арасындағы жекелей сында Алан Құрманғалиев сенімді ойын көрсетіп, Қазақстан жастары арасындағы ең мықты спортшы екенін тағы да дәлелдеді. Шешуші кездесуде ол Алматыдан келген қарсыластарын жеңді.
— Матч өте тартысты өтті. Меніңше, қарсыласқа біраз мүмкіндік беріп қойғаным әсер етті. Егер ойынды бірден, екінші сеттен кейінгідей қарқында бастасам, есеп 3:0 болуы да мүмкін еді. Бірақ шаршау сезілді — турнирдің соңы ғой. Бүгін финалда ойнадым, оған дейін жекелей және жұптық сында өнер көрсеттім, ол матчтар да өте қиын болды. Бастапқыда команданың мақсаты – бірінші орынды иелену еді, біз бұл нәтижеге қол жеткіздік. Маған жанкүйер болған баршаңызға рақмет! — деді Алан Құрманғалиев.
Финалдық кездесулерді облыс әкімі, сондай-ақ облыстық үстел теннисі федерациясының президенті Ермағанбет Бөлекпаев тамашалады.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында қарағандылық спортшылар жекелей, жұптық және аралас разрядтарда бес медаль жиынтығын жеңіп алды.
— Қарағандының үстел теннисі мектебі республикадағы үздіктердің бірі саналады. Біздің шеберлер көптеген жылдар бойы өзге өңірлердің спортшыларына айтарлықтай бәсеке туғызып келеді. Бүгінде облыста бұл спорт түрімен 13 мыңнан астам адам айналысады, оның ішінде 4 мыңға жуығы ауылдық жерлерде. Қуантатыны — өсіп келе жатқан лайықты ізбасарларымыз бар. Олардың жетістіктері бүгінде тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналып отыр. Үстел теннисін таңдаған дарынды жастардың қатары жыл сайын артып келеді, — деді жүлдегерлерді марапаттау барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков.
Алда спортшыларды халықаралық жарыстар күтіп тұр. Маусым айының соңында Ташкентте жастар арасындағы Азия чемпионаты өтеді.
Сонымен қатар жуырда қарағандылық төрт теннисші Астанаға аттанып, 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында Лондонда өтетін командалық әлем чемпионатына дайындық аясында оқу-жаттығу жиынына қатысады.
Команда құрамында Алан Құрманғалиев, Қазақстанның бірінші ракеткасы Зауреш Ақашева, ел чемпионатының күміс жүлдегері Жанерке Көшкімбаева және жас әрі болашағы зор спортшы Мария Лукьянова өнер көрсетеді.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметі бойынша
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1199500?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау