Қазақстан ішкі нарықты қорғау және бағаны тұрақтандыру үшін үлгілі шаруашылықтардың тәжірибесін кеңейтуде. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сауда желілеріне тікелей қол жеткізуін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуде. Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстандағы өндіріс мәдениеті мен дамыған инфрақұрылымның үлгісіне айналған Родина ауылына барды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.Жүйелі мониторинг деректеріне сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бойынша елдегі сөрелерде отандық өнімдердің үлесі 83%-ға жетті. Жекелеген санаттар бойынша, мысалы сүт өнімдерінде, қазақстандық брендтердің үлесі 70%-дан 90%-ға дейін өзгеріп отыр.
Осы нәтижелерді бекіту мақсатында министрлік сауда желілері, кәсіпкерлер палаталары және аумақтық сауда департаменттері арасында үшжақты меморандумдар тетігін белсенді қолдануда. Бұл келісімдер фермерлерге сауда сөрелеріне қолжетімділікті қамтамасыз етсе, тұтынушылар үшін артық үстемесіз әділ бағаны қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ «Родина» ЖШС және «Зенченко» КТ секілді ірі өндірушілердің фирмалық дүкендер желісін дамытуға ерекше назар аударылуда. Бүгінде Астана қаласында осындай 15 сауда нүктесі жұмыс істейді. Жыл соңына дейін дүкендер санын 20-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл қала тұрғындарына өнімді тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік береді.
«Біздің миссиямыз — өнімнің егістіктен тұтынушыға дейінгі толық цифрлық жолын қалыптастыру арқылы әрбір қазақстандық үшін азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. “Сауданың цифрлық айнасы” моделін енгізу арқылы біз өнімнің толық ашық қозғалысын қалыптастырамыз. Бүгінде сөрелердегі отандық өнім үлесі 83%-дан асқан кезде, біз үздік агроауылдардың тәжірибесін бүкіл ел бойынша таратып, азық-түлік қауіпсіздігін әр отбасының нақты әл-ауқатына және баға тұрақтылығына айналдырып отырмыз», — деді Арман Шаққалиев.
2025 жылы ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге көтерілді. Жалпы сомасы 67,5 млрд теңгені құрайтын 458 жоба іске асырылды. Бұл қаражат сауда нысандарын жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау алушыларға қарсы міндеттемелер қойылады. Олар өз сөрелерінде қазақстандық өнімдердің басым болуын қамтамасыз етуге тиіс.
Инфляциялық қысымды төмендету үшін Үкімет «өнімсіз» делдалдарды қысқартатын цифрлық құралдарды енгізуде. Негізгі жобалардың бірі — фермерлер мен сауда желілерін тікелей байланыстыратын инновациялық агромаркетплейс.
Сонымен қатар бірқатар өңірлерде әлеуметтік осал топтарға арналған цифрлық азық-түлік ваучерлері жүйесі пилоттық режимде іске асырылуда. Бұл жүйе фермерлерден тікелей форвардтық сатып алу және сауда үстемесін алып тастау арқылы тауарларды 25%-ға дейін жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhitikarin-prigorodnaia/press/news/details/1199415?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау