Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша онкологиялық қызметтің жұмысында оң динамика байқалады. Бірқатар маңызды көрсеткіштерде ілгерілеу бар – өлім-жітім азайып, ауруды ерте анықтау көрсеткіші жақсарды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы Гүлмира Сагидуллина мәлімдеді. Оның айтуынша, өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 103,3-тен 95,1-ге дейін төмендеп, 7,9%-ға азайған. Сонымен қатар ерте диагностиканың үлесі 34,2%-дан 34,4%-ға дейін өскен.
Бүгінде дәрігерлер жұмысының негізгі бағыты – аурудың алдын алу, скринингтік бағдарламаларды кеңейту және дертті ерте кезеңде анықтау. Өңірде халықпен жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Профилактикалық шаралардың маңызды бөлігі — ашық есік күндері. Жылдың алғашқы үш айында облыста осындай үш іс-шара өткізіліп, оның аясында 2 850 адам тексеруден өтті.
Нәтижесінде 17 тұрғыннан қатерлі ісікке күдік анықталса, тағы 101 науқаста обырға дейінгі жағдайлар тіркелді. Барлық азаматтар мамандардың кеңесін алып, қосымша тексерулерге жіберілді. Онкологтордың айтуынша, ауру неғұрлым ерте анықталса, толық сауығып кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1200036?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау