Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшелері, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, психологтар мен құқық қорғау органдарының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдегі ахуалға тоқталып, мектептерде жүргізілген талдау нәтижелері мен жүйелік мәселелерді ортаға салды. Балалардың психологиялық жағдайы – әрдайым ерекше назарды қажет ететін маңызды бағыт екені атап өтілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар баяндамалар тыңдалды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов кәмелетке толмағандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәуекелдердің алдын алу шаралары туралы баяндады. Облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов «Қауіпсіз балалық шақ» жобасының іске асырылуы жөнінде мәлімет берді.
Бүгінде Түркістан облысында мыңнан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың психологиялық жағдайымен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде психологиялық қолдау жүйесі жаңғыртылып, осы бағытта ата-аналармен, педагогтермен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтіледі. Сонымен қатар мектептерде буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары қолға алынған.
Прокуратураның бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып, оның аясында профилактикалық жұмыстар күшейтілмек. Ювеналдық полиция инспекторларының мектептермен жұмыс кестесі нақтыланып, оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында түсіндіру кездесулері жиілетіледі. Жиында балаларды дер кезінде қолдау, олардың мәселесін назардан тыс қалдырмау – баршаға ортақ міндет екені айтылды. Бұл ретте барлық қызметтердің өзара үйлесімді жұмысын күшейту арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу көзделіп отыр.
Өз кезегінде Динара Закиева балалардың психологиялық әл-ауқатын нығайту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл салада жүйелі саясат қалыптасып, қажетті заңдар мен бағдарламалар қабылданғанын атап өтті. Бұл шаралар балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде облыстың барлық аудан, қалаларында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталықтар отбасы саясатын жүзеге асыру, неке мен отбасы институтын нығайту, тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекелдердің алдын алу үшін цифрлық платформалар енгізілуде. Аталған жүйелер барлық мектептер мен колледждерге тегін ұсынылып, буллингтің алдын алу, психоэмоционалдық мониторинг жүргізу, ерте анықтау және атаулы қолдау көрсетуге бағытталған. Бұдан бөлек, кәсіби бағдар беру модулі де қарастырылған. Жаңа бастамалардың бірі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Cheker» жүйесі. Бұл ақпараттық-талдау жүйесі зиянды контент пен деструктивті мінез-құлықты ерте анықтауға мүмкіндік береді. Мектептерде қосымша ресурстар мен бағдарламалар енгізіліп, тегін психологиялық көмек көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Мұнда диагностика жүргізіліп, тренингтер ұйымдастырылады және көмек сұрауға арналған байланыс арналары қолжетімді.
Кеңесте мектеп психологтарының жұмысына ерекше назар аударылды. Баланың мінез-құлқындағы немесе көңіл күйіндегі кез келген өзгеріс – назар аударуды қажет ететін маңызды белгі екені айтылды. Әрбір анықталған жағдай жүйелі бақылауда болып, үздіксіз психологиялық сүйемелдеумен жалғасуы тиіс. Сонымен қатар жүйесіздік пен формалды көзқарасқа жол берілмейтіні ескертілді. Мұндай кемшіліктер басқарушылық әлсіздік ретінде бағаланып, тиісті кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін.
Жиында ата-аналардың рөліне ерекше мән берілді. Баланың ішкі күйін ең алдымен ата-ана сезінетіні, сондықтан бұл мәселе баршаға ортақ жауапкершілік екені атап өтілді. Жиын соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар жүйелендіріліп, барлық қызметтердің өзара байланысы күшейтілетін болады. Негізгі мақсат – әр баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау