Алматы қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс басқармасының мәліметінше, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында қазіргі таңда №112, №170 және №16 мектептеріне қосымша оқу корпустарының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде шамамен 900 жаңа оқушы орны ашылады.
Атап айтқанда, Түрксіб ауданында Магнитная көшесі, 31 мекенжайында орналасқан №170 жалпы білім беретін мектеп базасында 175 орындық жаңа корпус салынуда.
Жобаға сәйкес, екі қабатты ғимаратта оқу кабинеттері, жалпы мектептік кеңістіктер және әкімшілік-шаруашылық бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді қолдауға арналған арнайы кабинет көзделген. Оқу сыныптары заманауи талаптарға сай жабдықталуда.
Оқушы орындарын көбейту мақсатында Алмалы ауданында Әди Шәріпов көшесінде №16 мектепке 300 орындық қосымша корпус салынуда. Жоба аясында қолданыстағы ғимараттың бір бөлігін қайта жаңғырту және жаңа корпус салу қарастырылған. Жаңа корпуста орта және жоғары буын оқушыларына (5–11 сыныптар) арналған оқу кабинеттері орналасады.
Сонымен қатар, №112 жалпы білім беретін мектепте 300 орындық қосымша корпус құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 75%-ды құрайды. Үш нысан бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-us/press/news/details/1200574?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау