Атырауға ҚР Оқу-ағарту министрі жұмыс сапарымен келді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атырауға іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова түске дейін өңірдегі үш білім беру нысанын аралады.

Министр алдымен 2023 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген“Дарын” балабақшасының жұмысымен танысты.  Бұл нысан жоба шарттарына сәйкес, 5 жылдан кейін мемлекет меншігіне беріледі. Қазір мұнда ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы 290 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша заманауи талаптарға сай жабдықталған.  

 Министр жыл басында есігін айқара ашқан Binom Жайық мектебін де аралап көрді.  4000 оқушыға арналған заманауи білім ордасында 1940 оқушы білім алады. Мектеп халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, коворкинг аймақтар мен шығармашылық кеңістіктер қарастырылған. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінген.

Сапар барысында Жұлдыз Досбергенқызы аталған мектепте география және математика пәндері бойынша оқу процесіне қатысып, сабақ барысымен танысты. Сондай-ақ, педагогикалық ұжыммен пікір алмасып, ұстаздар бастауыш сынып оқулықтарының мазмұнына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Министр бұл мәселелерді назарға алып, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар педагогтердің жүктемесін азайту, артық есептілікті қысқарту және білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Министр табан тіреген  үшінші нысан – Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп. Тарихы 1933 жылдан бастау алатын білім ордасының 1960 жылы салынған үш қабатты ғимараты өткен жылы толық күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған.

Реновация нәтижесінде мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарып, қауіпсіздік жүйелері толық жаңартылған. Білім ордасы 42 бейнебақылау камерасымен қамтылған, дабыл түймесі полициямен тікелей байланысқан.  

 ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова  түстен кейін балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңес отырысына қатысты.

Жиында министр мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар заңнамалық және институционалдық шаралардың қабылданғанын айтты. Мәселен,  білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін күшейту, психологиялық қолдау жүйесін дамыту және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты міндеттер белгіленген.

«Атырау облысы бойынша айтар болсам,  95 білім беру ұйымында зерделеу жұмыстарын жүргізген едік. Сол мониторинг нәтижесінде жалпы қателермен жұмыс, соны ортақ талқылау, соның негізінде алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау үшін үлкен жоспарды бөлістік. Жалпы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ата-аналар, педагогтер және қоғам өкілдері бірігіп жұмыс істегенде ғана біз балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыра аламыз. Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың қауіпсіз, бақытты әрі жан-жақты дамуына жағдай жасау», деді Ж.Сүлейменова.

Министр жиыннан соң “Келешек мектептері” жобасы аясында салынған №50 жалпы білім беретін мектептің педагогтер қауымымен кездесіп, білім саласындағы бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Салада болашақта атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.

“Келешек мектептері” ұстаздарын жаңа деңгей күтіп тұр. Сіздердің өз платформаларыңыз болады.  ТЖБ, БЖБ жазуға жасанды интеллект көмектеседі. Бізге білімді, сенімді, тәрбиені насихаттайтын педагог керек. Түсінемін, жұмыс оңай болмайды,  мынадай сәулетті, заманауи ғимарат ішінде мазмұн болмаса, пайдасы жоқ. Сіздер тәрбиелеген ұрпақ ел болашағына қызмет ететін  азамат, тұлға болып қалыптасу керек. Жаратылыстану бағытын дамытуға баса нащар аудару керек. Алдағы уақытта оқушының қиялын дамытатын шығарма, мазмұндама және сауатын арттыратын диктант жазуды білім беру бағдарламасына енгіземіз”- деді Ж.Сүлейменова.

Атырауға жұмыс сапарын қорытындылаған  Ж.Сүлейменова облыстың білім беру саласында соңғы екі жылда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Білім сапасының артып келе жатқанын атап өтіп, республикалық және халықаралық білім додаларында жүлделі орын иеленген оқушылар саны көбейгенін жеткізді.

Бұл жетістіктердің нақты дәлелі ретінде Париж төрінде өнер көрсеткен атыраулық оқушылардың жеңісін, сондай-ақ С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі студенттерінің WorldSkills аясында үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті.

Сонымен қатар, министр өңірде бұрын-соңды болмаған заманауи мектептер салынып жатқанын ерекше атап өтті. “Енді әдемі әрі жайлы ғимараттарда білімді, саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне күш салу керек”, деді Ж.Сүлейменова.

 – Атырау облысы соңғы екі жылда білім саласында жақсы динамикаға ие. Білім сапасының көрсеткіштері қазір 55–95 пайызды құрайды. Бұл соңғы төрт жылмен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш екендігін атап өткіміз келеді. Сонымен бірге 300-ден астам оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегері, 27 оқушы халықаралық жоба жарыстарының, сонымен қатар олимпиадалардың жүлдегерлері екендігін ерекше атап өткіміз келеді. Бұл бұрын-соңды болмаған жетістіктер. Мұның барлығы Атырау облысындағы ұстаздарымыздың жақсы еңбегі, ата-аналардың қолдауы, ең бастысы білім саласына қатысты мамандардың, облыс басшылығының қазіргі таңда білім саласына жүйелі көңіл бөлініп жатқанының көрінісі – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменова.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-bilim/press/news/details/1200098?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version