Келес ауданында марокко шегірткесінің таралуына жол бермей, зиянкестердің ошақтарын жою бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы бағыттағы іс-шаралардың барысын бағамдау мақсатында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлік ауылдық округінде орналасқан облыстық штабқа арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.
Бүгінгі таңда аудан аумағы 19 секторға бөлініп, әрбір аймаққа жауапты мамандар бекітілген. Бүгінде зиянкестердің ошақтарын анықтау жұмыстарына 250 азамат жұмылдырылып, нәтижесінде 45 700 гектар жер толық зерттелді. Оның ішінде 13 858 гектар аумақта зиянкестердің экономикалық зияндылық шегі анықталып, қазіргі уақытта 17 056 гектар алқап химиялық өңдеуден өтті.
Ауылдық округтер бөлінісіндегі көрсеткіштерге тоқталсақ, Бірлік округінде 8 529 гектар, Жамбылда 4 528 гектар, ал Бозайда 2 996 гектар жер залалсыздандырылды. Сондай-ақ, Ақтөбе округінде 620 гектар, Қошқаратада 190 гектар, Жүзімдікте 163 гектар және Ошақтыда 30 гектар аумақ химиялық өңдеуден өтіп, қауіптің алды алынды. Штаб жұмысымен танысқан аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Біздің басты міндетіміз — егістік алқаптары мен жайылымдық жерлерді зиянкестерден аман сақтап қалу. Әрбір сектордағы жұмыс сапасына баса мән берілуі тиіс. Техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, химиялық өңдеу шараларын тиімді уақытта және жоспарға сай сапалы жүргізуді тапсырамын. Бұл мәселеде салғырттыққа жол берілмейді, — деді аудан әкімі.
Бұл маңызды науқанға барлығы 120 техника жұмылдырылып отыр. Оның ішінде мердігер мекемелер мен ветеринариялық қызметтің арнайы техникаларынан бөлек, көршілес Бәйдібек, Сауран, Түлкібас және Шардара аудандарынан қосымша желдеткішті бүріккіштер мен су тасушы көліктер көмекке келді. Сонымен қатар, зиянкестердің ошақтарын анықтауға аудандық спорт, мәдениет және жастар орталықтарынан, сондай-ақ Абай, Алпамыс, Ұшқын ауылдық округтерінен 150-ден астам ерікті атсалысуда.
Жәнібек Ағыбаев жұмыс барысын қорытындылай келе, марокко шегірткесін жою шаралары бекітілген жоспар бойынша мерзімінде аяқталатынын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1200607?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау