Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды: кене энцефалиті — адамға негізінен жұқтырылған иксод кенелерінің шағуы арқылы берілетін жедел вирустық ауру. Аталған инфекция орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымдануына әкелуі мүмкін, сондықтан алдын алу шараларына ерекше назар аударуды талап етеді.
Жұғу жолдары
Негізгі жұғу жолы — жұқтырылған кененің шағуы. Сондай-ақ кенені жаншу кезінде вирус терідегі микрожарақаттар арқылы ағзаға енуі мүмкін. Сирек жағдайларда жұқпа ауру жұқтырған жануарлардың шикі сүтін тұтыну арқылы беріледі.
Ауру белгілері
Инкубациялық кезең әдетте 7–14 күнді құрайды. Ауру кенеттен басталады: дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, бас ауруы, бұлшықет пен буындардың ауыруы, жүрек айну байқалады. Ауыр жағдайларда жүйке жүйесінің зақымдануы, менингеалдық және неврологиялық белгілер дамуы мүмкін.
Алдын алу шаралары
Жұқпаның алдын алу үшін:
• табиғат аясында болғанда жабық киім мен бас киім кию;
• репелленттерді қолдану;
• табиғаттан кейін дене мен киімді мұқият тексеру;
• кенелер жиі кездесетін шөпті, бұталы аймақтардан аулақ болу;
• тек қайнатылған немесе пастерленген сүтті тұтыну ұсынылады.
Ең тиімді қорғану тәсілі — кене энцефалитіне қарсы вакцинация, ол аурудың ауыр түрлерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Кене шаққан жағдайда
Кене жабысып қалған жағдайда, оны қауіпсіз түрде алып тастау және әрі қарайғы ұсынымдарды алу үшін дереу медициналық ұйымға жүгіну қажет. Өз бетінше алу тек сақтық шараларын қатаң сақтаған кезде ғана жол беріледі.
Департамент Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарын алдын алу шараларын сақтауға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Уақтылы профилактика — денсаулықты сақтаудың негізгі кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1200363?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау