2026 жылғы 14 сәуір, Гуанчжоу қ. – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уәлихан Сәрсембеков «GZL International Conference and Exhibition Services Ltd» компаниясының жобалар директоры Ян Юньсимен кездесу өткізді. Аталған компания Гуанчжоу қаласындағы ірі көпсалалы туристік және сауда-сервистік холдингтердің бірі болып табылатын «Lingnan Group» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді.
Келіссөздер барысында тараптар туризм, көрме-конгресс қызметі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Гуандун өлкесі арасындағы гуманитарлық және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Тараптар туристік алмасулардың тұрақты оң динамикасын, сондай-ақ Қазақстан қалалары мен Гуанчжоу қаласы арасындағы көлік қолжетімділігінің кезең-кезеңімен жақсаруын атап өтті. Бұл өзара сапарлар санының артуына қолайлы жағдай жасап отыр.
«Біз екіжақты туризм әлеуетінің әлі толық пайдаланылмағанын көріп отырмыз. Тікелей әуе қатынасы мен туристік өнімдерді белсенді ілгерілету жағдайында алдағы жылдары бұл көрсеткіштерді бірнеше есе арттыруға болады», – деп атап өтті У. Сәрсембеков.
Тараптар 2026 жылғы «Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының» Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, туристік бағыттарды кеңейту және екі елдің мәдени әлеуетін ілгерілету тұрғысынан маңызы ерекше екенін атап өтті.
Кездесу барысында қытай тарапы «Lingnan Group» компаниясының мүмкіндіктерін таныстырды. Ян Юньсидің мәліметінше, 2025 жылы компания Қазақстанға жалпы саны шамамен 2200 адамды құрайтын 90-нан астам туристік топ ұйымдастырған. 2026 жылы оң көрсеткіш жалғасуда: осы жылдың алғашқы айларында шамамен 30 топ жасақталған болса, жыл қорытындысы бойынша туристер ағынының едәуір ұлғаюы күтілуде.
Қытай тарапының өкілі: «80 миллионнан астам халқы бар Үлкен шығанақ өңірін қамтитын Гуандун өлкесінің нарығы Қазақстанға туристік ағынды арттыру үшін айтарлықтай әлеуетке ие», – деген пікірін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар делегациялар ұйымдастыруды, бірлескен іс-шаралар өткізуді, B2B байланыстарды дамытуды, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруды қамтитын жүйелі және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-guangzhou/press/news/details/1200670?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау