Жетісу облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Талдықорған қаласындағы Балақты өзенінде құм-қиыршықтас қоспасын заңсыз өндіру фактісін анықтап, оның жолын кесті. Рейдтік іс-шаралар барысында тиісті рұқсат құжаттарынсыз табиғи ресурстарды өндіріп жатқан жүк тиегіш ұсталды.
Аталған дерек бойынша қажетті материалдар жинақталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданатын болады. Техника арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция мәліметінше, мұндай құқықбұзушылықтар өңір экологиясына айтарлықтай зиян келтіріп, табиғи тепе-теңдікті бұзады және қоршаған ортаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру — бұл тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар экожүйеге төнетін үлкен қауіп. Біз мұндай фактілердің алдын алу және жолын кесу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізудеміз. Жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен осыған ұқсас 20-ға жуық құқықбұзушылық анықталды», — деп атап өтті табиғатты қорғау полициясы.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1200688?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау