Қарағандылық спортшы Ернұр Жаманов парапауэрлифтингтен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, өңір тарихына өз есімін жазды. Бұл — Қарағанды үшін осы деңгейдегі алғашқы жүлде.
Азия және Океания чемпионаты Таиландтың Бангкок қаласында өтіп, оған 23 елден 249 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 19 жастағы қарағандылық Ернұр Жаманов өнер көрсетті.
Жас болғанына қарамастан, спортшының жетістіктері аз емес: 2025 жылы ол жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2026 жылы ел чемпионы атағын иеленді. Сонымен қатар Ернұр республикалық Паралимпиаданың жеңімпазы.
Бангкоктағы жарыста ол жоғары дайындық деңгейін, күш-қуаты мен табандылығын көрсетті.
— Чемпионатқа дайындық барысында негізгі назар техникаға аударылды, өйткені пауэрлифтингте дәл осы фактор шешуші рөл атқарады. Қарсыластар өте мықты болды (әсіресе Өзбекстан спортшысы жеке көрсеткіш бойынша жоғары салмақ көтерді). Дегенмен үш мүмкіндік бойынша нәтижелер мен техникаға берілген ұпайлардың жиынтығы бойынша Ернұр бірінші орынға шығып, алтын медаль жеңіп алды, — деді КММ мүгедектер спортына арналған облыстық спорт мектебінің жаттықтырушысы Андрей Шпицер.
Спортшыны алда жаңа жарыстар күтіп тұр. Тамыз айында Ақтауда көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында парапауэрлифтинг және пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты өтеді. Ернұр бұл жарыста облыстық мектептің спортшылары Ирина Гарань, Жандос Емберген және Найман Жақсығоринмен бірге өнер көрсетеді. Сондай-ақ Қарағанды облысының намысын Темірлан Жақсыбеков, Виталий Воронов және Нұрнияз Өтегенов қорғайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1200424?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау