Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде каникул кезінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жазғы маусымға дайындық және балаларды ұйымдастырылған демалыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Облыста 7 сауықтыру орталығы, 702 мектеп жанындағы лагерь және 49 жазғы алаң жұмыс істейді. Сонымен қатар маусымдық және жыл бойғы лагерьлерде ауысымдар ұйымдастырылып, республикалық және өңірлік балалар орталықтарына сапарлар жоспарланған.
«5 маусымдық лагерь бір ауысымда 1 312 баланы қабылдай алады, жалпы маусым ішінде 8 092 бала қамтылады. Ауысым ұзақтығы 10–12 күн. «Күншуақ» және «Әсем» жыл бойғы лагерьлері 2 532 баланы қабылдайды. Тағы 227 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық орталықтарында демалады. Мектеп жанындағы лагерьлер 10 күндік 3 ауысыммен жұмыс істеп, 166 855 оқушыны қамтиды», – деді облыстың бас педагогі.
Ірі кәсіпорындардың («СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазпошта» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Востокнефть» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ және т.б.) қолдауымен 3960 бала лагерьлерге жолдама алады.
Әлеуметтік осал топ отбасы санатындағы 14 мыңға жуық бала тегін демалыспен қамтылады.
Сондай-ақ оқушылар үшін еңбекпен қамту, туристік сапарлар және жазғы білім беру алаңдары ұйымдастырылады. «Жасыл ел», «Мектеп орманшылығы» жобасы, мектеп ауларындағы желектендіру жұмыстары және «Спарта» еңбек жасақтарында 3713 бала жұмыс істейді, туристік сапарларға 35 314 оқушы қатысады, жазғы алаңдарда 25 684 бала демалады.
Биыл жазда өңірде жаңа форматтағы жобалар іске асырылады: цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту аясында «AI демалыс» жобасы, ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 1000 баланы қамтитын «Экосана» жобасы жүзеге асады.
Сонымен қатар биыл алғаш рет Қобда ауданындағы «Әлия» жазғы сауықтыру лагерінің базасында «Шабандоз» жобасы ұйымдастырылады. Қатысушылар ат күтімі, қауіпсіз атқа міну ережелері және ұлттық ат спортының элементтерін меңгереді.
«Skills camp» жобасы аясында 18 колледжде 3 000 оқушы екі апта ішінде инженерия, компьютерлік графика, веб-дизайн, робототехника, шаштараз ісі, аспаздық және көлік жөндеу дағдыларын үйренеді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жазғы демалысты ұйымдастыруда жүйелі тәсілді қамтамасыз етуді тапсырып, балаларды қамтумен қатар бағдарламалардың мазмұнын сапалы ету қажеттігін алға тартты.
Ол қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, лагерьлер мен демалыс орындарын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тиісті қызметтердің санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын тұрақты бақылауын қамтамасыз етуді тапсырды. Өңір басшысы балалар лагерьлері мен жаппай демалыс орындарына учаскелік полиция инспекторларын бекіту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар жазғы демалыстың білім беру және тәрбиелік құрамдасын дамыту, бағдарламаларға өнер, робототехника, жасанды интеллект және тіл үйрету үйірмелерін енгізу, сондай-ақ экскурсиялық жұмыстарды кеңейту тапсырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1200120?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау