2026 жылғы 14 сәуір күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара-«Жас құтқарушы» слетінің аудандық кезеңі ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Аталған шара Қарақия аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлескен бастамасымен жүзеге асты.
Слеттің негізгі мақсаты-оқушыларды төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ жас буынның азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық рухын арттыру болып табылады. Жарысқа аудан мектептерінен құралған командалар қатысып, өзара бақ сынасты.
Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша білімдері мен практикалық машықтарын көрсетті. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бағыттары бойынша тапсырмалар орындалды. Әр кезең қатысушылардың ептілігі мен шапшаңдығын ғана емес, сонымен қатар теориялық дайындығы мен командалық үйлесімділігін де талап етті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, салтанатты марапаттау рәсімінде дипломдармен, алғыс хаттармен, сондай-ақ медальдар мен кубоктармен марапатталды. Ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, олардың болашақта да осындай жауапты әрі маңызды салаларда белсенділік танытатынына сенім білдірді.
Аталған слет-жас ұрпақтың қауіпсіздік саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгеруіне үлкен мүмкіндік беретін тағылымды алаңға айналды. Осындай іс-шаралар арқылы қоғамда қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға бағытталған жұмыстар өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1201176?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау