Жетісу облысының Қаратал ауданындағы жаңа бокс залы жүйелі жұмыс істеп тұр. Бұл зал өткен жылдың желтоқсан айында ашылған болатын. Ал биыл аудан орталығында көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен дзюдо залы да салынады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданына барған сапары барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған аймақтағы бокс залына арнайы барған өңір басшысы жас спортшылардың жаттығуына куә болып, олармен тілдесті.
– Үштөбенің бокс мектебі елге танымал. Соның ішінде Атланта олимпиадасының қатысушысы, белгілі боксшы Михаил Юрченконың жетістіктері әрқашан сіздерге үлгі. Спортпен айналысқан адам тәртіпті, жинақы, жат әдеттерден қашық болады. Сондықтан жақсылап жаттығып, мықты спортшы болыңдар. Сіздерге арнап осы бокс залымен қатар биыл бір жылдың ішінде дзюдо залын, сол сияқты көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып береміз, – деген Бейбіт Исабаев балаларға спорт киімдерін тапсырды.
Қаратал аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ермек Торғаевтың айтуынша, спорт мектебінде 1200-ден астам оқушы спорттың 14 түрімен айналысады, соның 87-сі бокс залында жаттығады.
– Қаратал ауданынан шыққан түлектер елімізді үлкен жетістіктерімен қуантып келеді. Атап айтсам, біздің аймақтан бокстан Қазақстан ерлер құрамасына кірген әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов, жастар арасында Азия біріншілігінің қола жүлдегері Мария Сидоренко шыққанын мақтанышпен айтамыз. Бүгінгі спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне сол аға-әпкелерінің жолын лайықты жалғауға барлық мүмкіндік жасалған, – деді ол.
Жаңа бокс залының жұмысына қатысты ата-аналар да дән риза. Мәселен, Тілеулес Қанатбаев мұнда өз немересін жаттығу үйірмесіне тұрақты алып келеді.
– Немерем Медет боксқа өз қалауымен келді, қазір қызыға айналысып жүр. Жаңа залда балаларға тегін әрі сапалы жаттығуға барлық жағдай жасалған. Мұндағы бапкерлердің бәрі – білікті мамандар. Кезінде өзім де бокспен айналыстым, Айдарбек Жапсарбаевтың шәкіртімін. Менің жолымды немеремнің жалғағанына қуаныштымын. Осы залдан елге танымал чемпиондар көптеп шығатынына сенеміз, – деді Т. Қанатбаев.
Жалпы ауданы 800 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ғимаратта бокс және күрес залдары орналасқан. Тәулігіне 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар залдар заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған. Былғары қолғап шеберлеріне арналған бокс залы кәсіби ринг, күрес залы су жаңа татами және қажетті жаттығу құралдарымен толыққан. Сонымен қатар нысанда киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары және жаттықтырушыларға арналған бөлмелер қарастырылған. Атап өтерлігі, мұнда тренажер залы да бар, аудан тұрғындарының кешкілік уақытта оны тегін пайдалануына мүмкіндік жасалған.
Жалпы, соңғы үш жыл ішінде облыста қайта салуды немесе жөндеуді қажет ететін спорт нысандарын жаңартудың деңгейі орта есеппен 79,6% жетті, яғни 39 спорт нысаны жаңарды. Өңірде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 300 мыңға жуықтаған, бұл жалпы халық санының 43,5%-ын құрап отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal/press/news/details/1201626?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау