Қарқаралыда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шаралар жалғасуда.
Кезекті сенбілік осы өңірдің тумасы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына арналды.
Іс-шара басталар алдында аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
Оның айтуынша, қаланы көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Экологиялық күнге билік өкілдері мен қоғам белсенділері, сондай-ақ белсенді жастар мен жас отбасылар қатысты. Туған қаласының болашағына бейжай қарамайтын тұрғындар бір алаңда бас қосты.
Бұл күні Тоқтар Әубәкіров көшесінде 100 қарағай көшеті егілді.
— «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Санитарлық тазалаумен қатар көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін біз 100 қарағай ектік, алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, — деді денсаулық сақтау саласының ардагері Серік Жекеұлы. — Біз, ардагерлер, мұндай бастамаларды толық қолдаймыз.
Акцияға жастар да белсенді түрде қатысты.
— Қаламыздың таза әрі көрікті болғаны біз үшін маңызды. Сондықтан мұндай шараларға қуана қатысамыз. Егілген қарағайлар тамырын тереңге жайып, жайқалып өссін, ал жерлесіміз әлі талай жыл құрмет пен қамқорлыққа бөлене берсін! — деді ерікті Жанел Садық.
Фото: Қарқаралы ауданы әкімдігі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1200940?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау