Астанада 15-22 сәуір аралығында «Құқықтық мәдениет» атты құқықтық сауаттылық марафоны басталды. Ауқымды жоба білім беру ұйымдарының базасында ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруды көздейді. Бір аптаға созылатын іс-шаралар сериясы заң үстемдігін түсіндіруді жаңа, интерактивті форматта ұсынбақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Құқықтық мәдениет» марафоны – өскелең ұрпақтың құқықтық санасын жаңғыртуға бағытталған кешенді әрі көпдеңгейлі ағартушылық алаң. Бұл бастама білім беру жүйесі мен құқық қорғау органдары, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтіп, теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік береді.
Марафонның негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолданылатын дағды деңгейіне жеткізу. Яғни, заңға бағынатын мінез-құлық моделін қалыптастырып, жауапты азамат тәрбиелеу басты басымдық ретінде белгіленген.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін адалдық, азаматтық жауапкершілік және заңға құрмет сезімін қазірден қалыптастырсақ, сол арқылы мемлекетшілдікті бойына сіңірсек дейміз. Құқықтық сауаттылық марафоны өткізудегі басты мақсат – сол! Аталған марафон – білім алушылар мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықтық мәдениетті жүйелі қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар кешені. Осыған байланысты, марафон аясындағы іс-шараларды жоғары деңгейде, сапалы, мазмұнды және белгіленген мерзімде ұйымдастырып өткіземіз. Іс-шаралардың мазмұны интерактивті форматтарды кеңінен қамтып, білім алушылар мен студенттердің белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталады», – дейді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Айта кету керек, марафон барысында ашық дәрістер, семинарлар, пікірсайыстар мен практикалық тренингтер ұйымдастырылып, қатысушылар нақты құқықтық кейстерді талдау арқылы тәжірибе жинайды.
Бір аптаға созылатын іс-шаралар барысында оқушылар мен студенттер «Мен заңгер болсам…» атты шығармашылық жұмыстарға қатысып, өз құқықтық көзқарастарын эссе, видео немесе презентация арқылы жеткізеді. Сонымен қатар, «Құқықтық сағат» форматындағы кездесулерде құқық қорғау органдарының өкілдерімен және ата-аналармен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беріледі.
Аптаның ортасында «Құқықтық мәдениет – саналы азаматтың негізі» тақырыбында сынып және кураторлық сағаттар өтсе, кейін «Жас медиатор мектебі» жобасы аясында қатысушылар қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу дағдыларын меңгереді. Ал ерекше назар аударатын бағыттардың бірі – «Киберқауіпсіздік лабораториясы». Мұнда оқушыларға интернеттегі мінез-құлық ережелері, цифрлық этика және заң талаптары практикалық түрде түсіндіріледі.
Марафон «Мен – заңға құрметпен қарайтын азаматпын» атты қорытынды іс-шарамен аяқталып, белсенді қатысушылар марапатталады.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1201155?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау