Жыл басынан бері Жетісу облысында полиция қызметкерлері көлік құралдарын тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтауға байланысты 109 құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі – зауытта қарастырылмаған LED шамдарды орнату. Сырт көзге тиімді әрі заманауи көрінгенімен, мұндай өзгерістер жол қозғалысына қатысушылар үшін елеулі қауіп төндіреді.
Алғашында жарықдиодты шамдардың жарығы күштірек әрі жақсырақ көрінетіндей әсер қалдырады. Алайда зауыт талаптарына сәйкес келмейтін мұндай өзгерістер көліктің жарық жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін бұзады. Нәтижесінде қарсы бағыттағы жүргізушілердің көзі қарығып, жолдағы көріну деңгейі төмендейді және әсіресе түнгі уақытта жол-көлік оқиғаларының қаупі артады.
Айта кету керек, автокөлік өндірушілері жарық жүйесін әзірлеу барысында көптеген факторларды ескереді: фаралардың бұрышы, жарықтың қарқындылығы мен таралуы. Ал орынсыз орнатылған LED шамдар жарықтың ретсіз шашырауына әкеліп, қауіпті жағдай туғызады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, зауытта қарастырылмаған LED шамдар – жол қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіп.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1201616?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау