Шымкентте сирек кездесетін мойя-мойя ауруына шалдыққан 41 жастағы әйелге күрделі нейрохирургиялық операция сәтті жасалды. Қалалық №2 аурухананың дәрігерлері инсульт пен мүгедектік қаупінің алдын алып, оның өмірін сақтап қалды. Нарықтағы құны 3 миллион теңгеге жуық жоғары технологиялы медициналық көмек МӘМС есебінен жүргізілген.
Науқас ауруханаға бас ауруы, аяқ-қол әлсіздігі мен ұюы, жалпы әлсіздік белгілерімен жүгінген. Тексеру барысында ортаңғы ми артериясының бітелгені анықталып, шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылданған.
Күрделі операцияны жоғары білікті нейрохирург Еркін Медетов жүргізді. Үш сағатқа созылған ота кезінде дәрігерлер миға қан жеткізудің айналма жолын жасап, бітелген тамырдың қызметін қалпына келтірді. Бұл әдіс инсульттің алдын алып, науқастың қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.
Дәрігерлердің мәліметінше, мойя-мойя – бас миындағы ішкі ұйқы артерияларының тарылуымен немесе толық бітелуімен сипатталатын созылмалы әрі сирек кездесетін үдемелі дерт. Соның салдарынан миға қан айналымы бұзылып, инсульт қаупі айтарлықтай артады. Шымкентте жылына небәрі 2–3 адамда осындай диагноз анықталады. Аурудың нақты себебі белгісіз, дегенмен әсіресе Азия елдері тұрғындары арасында жиі тіркелетін көрінеді.
Бүгінде Шымкент қалалық №2 ауруханасының нейрохирургия бөлімінде осындай жоғары технологиялық оталар тұрақты түрде жасалуда. Бұрын тек шетелде қолжетімді болған күрделі медициналық қызметтер енді жергілікті деңгейде көрсетіліп, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді көмек ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Былтырғы жылдың өзіңде мұнда 500-ге жуық ота сәтті жасалған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1201728?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау