Елордадағы «TANYM» көпфункционалды кешенінде Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мотивациялық кездесу өтті. Ашық диалог форматында өткен іс-шараға 150-ден астам жас спортшы қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесудің құрметті қонағы – NAIZA лигасының әлем чемпионы, панкратионнан әлем чемпионы, ММА бойынша кәсіби рекорды 5-0 болатын Ильдар Құдайбергенов болды.
Спортшы өз өмір жолы жайлы ой бөлісіп, табандылық пен жігердің адамды биік белестерге жетелейтінін атап өтті.
«Өмірде түрлі сынақтар болады. Сол сәттерде адамға қолдау мен дұрыс бағыт аса маңызды. Менің де қайтадан өз жолымды табуыма жақындарымның көмегі көп тиді. Спортқа оралып, бар күшімді салдым. Қазір жастармен кездесіп, өз тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. Әр адам өзіне сеніп, еңбектенсе, міндетті түрде нәтижеге жете алады», – деді спортшы.
Іс-шараға сондай-ақ «Темір адам» лақап атымен танылған спортшы, армрестлингтен Азия чемпионы, мас-рестлингтен әлем чемпионатының жүлдегері, «Намыс» марапатының иегері Тимур Спатаев қатысты. Ол жастарға тәртіп пен жүйеліліктің жетістікке жетудегі маңызы туралы айтты.
Кездесу барысында Астана қаласы прокуратурасының өкілдері мен ювеналды полиция қызметкерлері де сөз сөйлеп, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
«Көбіне тіркелетін оқиғалар – жасөспірімдердің кешкі уақытта үйде болмауы, бұл 442-бапта қарастырылған. Одан бөлек кейбір балалардың өтпелі кезеңде тәртіп, тәрбиесі төмендеп, ата-ана тарапынан түсініспеушілік көп туындайды. Сондай жаста жасөспірімдер үйден қашып, басқа түрлі ортаға тап болады. Осы ретте біз тек балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Ашық диалог форматындағы кездесуде жасөспірім спортшылар өз ойларын еркін жеткізіп, тәжірибелі спортшылармен тікелей пікір алмасып, сұрақтар қойды. Сондай-ақ олар өмірлік қиындықтарды еңсеру мен жеке даму жолдары бойынша пайдалы кеңестер алды.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1201384?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау