Астанада Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында тағылымды іс-шара өткізді. Олар «Тыныс пен энергия үйлесімі» тақырыбында Д. Қонаев атындағы №66 мектепке барып, оқушылармен бірге цигун жаттығуларын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында орталықтың белсенді ата-әжелері 6-7 сынып оқушыларымен бірге дене шынықтыру сабағына қатысып, цигун жаттығуларының қыр-сырын үйретті. Бұл жаттығулар тыныс алу жүйесін жақсартуға, дене үйлесімділігін сақтауға және ішкі энергияны реттеуге бағытталған.
Аға буын мен өскелең ұрпақтың бірлескен әрекеті ерекше әсер қалдырды. Оқушылар егде жастағы жандардың белсенділігіне тәнті болып, жаттығуларға үлкен қызығушылықпен қатысты. Ал зейнеткерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, салауатты өмір салтының маңызын көрсетті.
«Бұл кездесу өте тағылымды өтті. Аға буын өкілдері өздері арқылы оқушыларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын көрсетті. Мұндай шеберлік сабақтары алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, қоғамда мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеуге үлкен үлес қосады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1201887?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау