Өңір басшысы төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Оған ҚР ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитеті басқармасының бастығы Жаслан Жұманалин қатысты.

Күн тәртібінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, лудоманияға қарсы іс-қимыл және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтендіру мәселелері қаралды.

Облыс прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген жыл басынан бері өңірде жасөспірімдер қылмысының төмендеуі байқалатынын атап өтті. «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы және «Dara bala» цифрлық платформасы аясында балаларға көмек көрсетіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов бұл үрдісті растады және құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында тіркелгенін айтты.

Профилактикалық жұмыс аясында 4 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, шамамен 190 мың оқушы қамтылды. Жасөспірімдер топтарының бейресми көшбасшылары анықталып, бопсалау фактілері тоқтатылды, қолайсыз отбасылар мен тәуекел тобындағы жасөспірімдер есепке алынды. Сонымен қатар бірқатар мәселе – материалдарды комиссияға жолдау жұмысының жеткіліксіздігі, балалардың үйден өз бетімен кету жағдайлары, кәмелетке толмағандарды арнайы мекемелерге орналастырудағы қиындықтар және т.б мәселелер сақталуда.

Отырыс барысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде, мектептерді бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау қаралды. Сондай-ақ жекелеген аудандарда қылмыс деңгейін төмендету бойынша профилактикалық жұмысты күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және жастар арасындағы ойын тәуелділігі мәселелері көтерілді. Өңір басшысы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және лудоманиядан зардап шегетіндерді анықтау мен емдеуде медициналық қызметтердің рөлін арттыруды тапсырды. Пробация бағытында «Жұмыс тап» модульдік пункттерінің жұмысын қайта жандандыру және бұрын сотталған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамту шараларын кеңейтуге басымдық берілді.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі білім басқармасына жазғы лагерьлердің дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Полиция департаментіне мүдделі органдармен бірлесіп тәуекел тобындағы жасөспірімдер және бұрын сотталғандармен жұмысты күшейту жүктелді. Қала және аудан әкімдеріне көшелерді жарықтандыру, қоғамдық орындарға бейнекамералар орнату және халықпен тұрақты кездесулер өткізу тапсырылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1201770?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version