Шығыс Қазақстан облысында “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында 13 профилактикалық кабинет ашылды.
Бұл бастама құқық қорғау қызметін сервистік үлгіге көшірудің нақты көрінісіне айналып отыр. Енді полиция, медицина және әлеуметтік сала мамандарының күш-жігері біріктіріліп, халыққа кешенді көмек көрсетуге бағытталуда.
Жұмыстың негізгі бағыты — күштік әдістерден жүйелі профилактикаға көшу. Мұндай тәсіл құқық бұзушылықтың салдарымен ғана күресіп қоймай, оның туындау себептерін жоюға мүмкіндік береді.
Алғашқы нәтижелер тұрғындар тарапынан бұл форматқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Азаматтар профилактикалық кабинеттерге тек құқықтық кеңес алу үшін ғана емес, сондай-ақ отбасылық жанжалдар, тәуелділік, интернет-алаяқтықтан қорғану секілді өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша да жүгінуде. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың өз еркімен психологиялық көмекке жүгінуі жиілеген.
Жұмыс “бір терезе” қағидаты негізінде ұйымдастырылған. Мұнда учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлері бейінді мамандармен тығыз ықпалдастықта әрекет етеді. Қысқа мерзім ішінде психологтардың қатысуымен 48, наркологтардың қатысуымен 46 және әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен 31 іс-шара өткізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Педагогтармен бірлесіп, қақтығыстарды ерте кезеңде анықтауға бағытталған 51 кездесу ұйымдастырылды.
Тәуекел тобына жататын азаматтармен жұмыс жүргізу және тұрмыстық саладағы құқықтық мүдделерді қорғау негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазіргі таңда мамандардың бақылауында 67 адам болса, оның 29-ы әкімшілік қадағалауға алынған.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында 56 қорғау нұсқамасы шығарылып, 47 азаматқа ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді.
ШҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Көшкінчиновтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жақында басталғанына қарамастан, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта түскен.
– Әрбір өтініш барлық мүдделі органдарды тарта отырып, кешенді түрде қаралады. Бұл тек құқық бұзушылық дерегін тіркеумен шектелмей, азаматтардың мәселелерін тиімді шешуге және болашақта орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Бүгінде профилактикалық кабинеттер өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Тұрғындардың оң пікірі аймақ қауіпсіздігі ең алдымен полицияның ашықтығы мен азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге дайындығына байланысты екенін көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1202505?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау