Боччадан Тараз қаласында өтетін республикалық турнир алдында Атырау облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық бочча федерациясының президенті Мұса Хайруллиев және «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев жаттығу залына арнайы барып, ерекше қажеттілігі бар жас спортшыларға қолдау көрсетті.
Атырау командасы бочча спортында қысқа уақыт ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – жүйелі дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі.
Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Мүгедектердің спорттық клубы» ерекше жандарға спортпен шұғылданып қана қоймай, өз мүмкіндіктерін шыңдауға және жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беріп отыр. Аталған клуб жанынан өткен жылдың қараша айынан бастап бочча спорт бөлімшесі жұмыс жасайды.
Күрделі жөндеуден өткен «Балықшы» спорт кешенінде бочча бөлімшесімен қатар, облыстық бочча федерациясының жас спортшылары да аптасына тұрақты түрде жаттығу өткізіп келеді.
Атырау командасы өткен жылдың желтоқсан айында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының кубогында табысты өнер көрсетсе, Астана қаласында наурыз айында өткен республикалық турнирде де жоғары нәтиже көрсетті. Ерекше спортшыларымыздың табандылығы – баршаға үлгі, алдағы республикалық жарыста сәттілік тілейміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1202456?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау