Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) бүгінде инвестиция тартуға, жаңа өндірістерді іске қосуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясаттың тиімді құралдарының біріне айналды. Салықтық және кедендік жеңілдіктер түріндегі ерекше құқықтық режимнің арқасында АЭА өңірлердің және жалпы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға ықпал етіп отыр.
«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясының мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша 14 өңірде 17 АЭА жұмыс істейді. Өткен жылы үш жаңа АЭА құрылды. Олар – Атырау облысындағы «Атырау», Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе» және Қызылорда облысындағы «Қорқыт Ата» аймақтары.
«Жаңа арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы инвесторлар қызығушылығының артып келе жатқанын және мемлекет тарапынан өңірлерді дамытуға серпін беруге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасып жатқанын көрсетеді. Жалпы алғанда, АЭА аумақтарында 558 инвестициялық жоба іске асырылып, 10,8 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды және 41 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», – деп хабарлады дирекция.
Аймақтардың мультипликативтік тиімділігі нақты көрсеткіштер арқылы айқын көрінеді: инфрақұрылымға салынған әрбір 1 теңге бюджет қаражатына өнеркәсіпке 8,8 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, бюджетке 1,6 теңге салық түсімі қамтамасыз етілген. АЭА қатысушылары өндірген өнімнің жалпы көлемі 13,9 трлн теңгеге жетсе, экспорт көлемі 1 трлн теңгеден асты. Мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдері 799,7 млрд теңгені құрады.
Тиімділіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі – өсу динамикасы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша АЭА аумақтарындағы өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 34%-ға артты.
Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақтар аумағында жалпы құны 12,9 трлн теңгені құрайтын 586 жоба іске асырылу үстінде. Олар толық іске қосылған жағдайда алдағы жылдары Қазақстанда өнеркәсіптің заманауи салаларында қосымша 43 мың жұмыс орны ашылмақ.
Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар арасында көшбасшы ретінде елордалық «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын атап өтуге болады. Бұл аймақ елдегі барлық арнайы экономикалық аймақтар өндірісінің 70%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр, оның құрамына жалпы аумағы 598,1 гектарды құрайтын №1 индустриялық парк кіреді. Қазіргі уақытта инфрақұрылымның аяқталу деңгейі 87%-ды құрайды, ал оны дамытуға жұмсалған шығындар 24,8 млрд теңгеге жетті.
Аталған аймақта 88 жоба жүзеге асырылып, шамамен 10 мың жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, іске асырылу сатысында тағы 188 жоба бар. Оның ішінде 54 жоба – өңдеу өнеркәсібіне, 134 жоба – құрылыс индустриясына тиесілі. АЭА-ға тартылған инвестициялар көлемі 693 млрд теңгеден, өндірілген өнім көлемі 103 млрд теңгеден асты.
2025 жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы инвестиция көлемі 76,5 млрд теңгені құрайтын төрт жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың қатарында бетон бұйымдарын, сэндвич-панельдерді, теміржол құрамына арналған тежегіш жастықшаларды және тозуға төзімді болат плиталарды шығаратын кәсіпорындар бар. Алдағы жоспарлар аясында жиһаз, полимер құбырлар, арнайы техника және жылу агрегаттарын шығаратын зауыттарды қоса алғанда, өңдеу өнеркәсібі саласында тағы 54 жоба жүзеге асырылмақ.
Елордадағы екінші аймақ – «Астана Технополис» арнайы экономикалық аймағы (2042 жылға дейін жұмыс істейді) – №2 индустриялық паркті қамтиды. Қазіргі таңда бұл аумақта екі кәсіпорын жұмыс істейді: медициналық бұйымдар өндірісі және көпсалалы YDA зауыты. Сонымен қатар 41 жоба іске асырылу кезеңінде. Негізгі жобалардың қатарында алюминий банкаларын, металл конструкцияларын шығару және ірі жобалау-инжинирингтік кешен құру бастамалары бар.
Арнайы экономикалық аймақтар – тек жеңілдіктер берілетін аумақтар ғана емес, сонымен қатар өзінің белгіленген басымдықтары бар бірегей индустриялық хабтар. Әрбір аймақтың өзіндік бағыты қалыптасқан, бұл мемлекетке стратегиялық салаларды нысаналы түрде дамытуға мүмкіндік береді.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы – Каспий теңізіндегі стратегиялық торап. Оның тиімділігі үш негізгі бағытқа негізделген: «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС арқылы транзиттік әлеуетті дамыту, «Qarmet Tubular Products Aktau» АҚ-ның болат құбырлар өндірісі және «Topan Chemical Industries» компаниясының каустикалық сода мен хлор өндіруге бағытталған ауқымды жобасы.
Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында IT бағыты бойынша ғылыми зерттеулерден бастап жоғары технологиялық электрондық өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастырылды.
Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА аумағында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірудің толық өндірістік циклі орныққан, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңдер қамтылған. Маңызды кәсіпорындардың қатарында «Мақта-Целлюлоза» және «Бал Текстиль» бар.
Атыраудағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы – газ-химия саласының флагманы. Бұл аймақтың ерекшелігі – бір кәсіпорындардың жанама өнімдері келесі өндірістер үшін шикізат ретінде пайдаланылады. Мұнда Орталық Азиядағы ең ірі интеграцияланған газ-химия кешені – «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» жұмыс істейді, ол полимерлерді терең өңдеуді дамытуға арналған шикізат базасын қалыптастырып отыр.
Павлодардағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы – химия және алюминий өндірісінің орталығы. Негізгі кәсіпорындардың қатарында «Каустик» (хлор және сода өндірісі) және «УПНК-ПВ» (күйдірілген мұнай кокс өндірісі) бар. Сонымен қатар алюминийден дайын өнімдер шығару өндірісі дамыған.
Қарағандыдағы «Сарыарқа» АЭА аумағында шикізатты терең өңдеуге және тау-кен металлургия кешенінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда (ТОО «Tau-Ken Temir», «Qaragandy Power Silicon», «Steel Manufacturing», «Polymet Solutions Corporation»). Сондай-ақ ескі автокөліктерді қайта өңдеуге арналған «Qarmet Recycling» жобасы іске асырылған.
Жетісудағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі құрлықтық көпір саналады. Мұнда жүктер Қытай Халық Республикасының (ҚХР) тар табанды теміржолынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) кең табанды жүйесіне тікелей ауыстырылады. IT жүйелері тауар жеткізудегі кідірістерді барынша азайтады. Аймақ үздіксіз транзитті қамтамасыз ететін қоймалар мен терминалдары бар қуатты логистикалық хаб ретінде жұмыс істейді.
Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» АЭА – бұл шетелдік капиталы бар жоғары технологиялық жобалар алаңы. Мысалы, жүгеріні терең өңдеу жүзеге асырылып, өнімдер Еуроодақ, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады («Shengtai Biotech» ЖШС), сондай-ақ елдегі жалғыз сутегінің күшейтілген тотығын өндіретін зауытты іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысындағы «Қорғас» ШЫХО арнайы экономикалық аймағы – сауда-логистикалық сала мен туризмді дамытудың негізгі алаңы. Мұнда сауда инфрақұрылымы дамып, Қазақстан және Қытай тараптарында бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағы – оңтүстік өңірдің басты туристік орталығы. Әлемдік бренд саналатын қонақ үйлердің және халықаралық әуежайдың болуы бүкіл түркі жұрты үшін тартымдылық орталығын қалыптастырады.
Солтүстік Қазақстандағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында әлемдік брендтерге тиесілі ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жүзеге асырылуда («СТ Эсэмбли» ЖШС). Сонымен қатар «КазТехМаш» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасы мен машина жасауға қатысты өнімдер өндіру жобасын іске асырды.
Сарапшылардың пікірінше, арнайы экономикалық аймақтарды одан әрі дамыту Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып қана қоймай, елдің экспорттық бәсекеге қабілеттілігін де айтарлықтай арттырады.
Естеріңізге сала кетейік, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтардың жұмысын үйлестіреді. Ұйымның негізгі міндеттері – аймақтардың дамуына қолдау көрсету, оларды ілгерілету және инвестициялық тартымдылығын арттыру. «QazIndustry» АҚ сарапшылары инвестиция тарту тиімділігін арттыру мақсатында заңнаманы және бизнес-үдерістерді жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1202921?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау