Іс-шараға Павлодар Ертіс өңірінің түкпір-түкпірінен жүзден астам қатысушы жиналды.
М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жұлдызай» облыстық балалар шығармашылығы фестивалі өтті.
Сахнаға 7 мен 16 жас аралығындағы оқушылар – жалпы білім беретін және арнайы мектептердің, мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, сондай-ақ оңалту орталықтарының балалары шықты. Олар өз өнерлерін төрт номинация бойынша ұсынды: вокал, хореография, аспапта орындау және ым-ишара арқылы ән айту.
Фестиваль жыл сайын өткізіледі және ұйымдастырушылардың айтуынша, балаларға өз қабілеттерін ашуға және өздеріне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі.
Павлодар облысы білім басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетова фестивальдің басты мақсаты – әрбір балаға өзін көрсетуге мүмкіндік беру екенін атап өтті.
– Әр баланың бойында, оның ерекшеліктеріне қарамастан, шығармашылық қабілет бар. Ең бастысы – балалар өзіне сеніп, таланттарын дамытуы үшін жағдай жасау, – деді Жібек Айтмұхамбетова.
Көптеген қатысушылар үшін бұл сахнадағы алғашқы өнер көрсету тәжірибесі болды. Солардың қатарында Екібастұз қаласынан келген Айкерім мен Нармин есімді әпкелі-сіңлілер бар. Қыздарға 10 жас, олар облыстық балаларды оңалту орталығында білім алып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Айкерім фортепианода классикалық шығарма орындаса, Нармин вокалдық нөмірмен өнер көрсетті.
Аналары Далия Ибадильнованың айтуынша, қыздардың шығармашылыққа деген қызығушылығы жоғары.
– Біз олардың қабілеттерін байқап, дамытуға шешім қабылдадық. Мұндай байқаулар тек сахнаға шығу ғана емес, бұл – маңызды тәжірибе. Балалар қарым-қатынас жасауды үйренеді, өздеріне сенімді бола түседі және сахнадан қорықпайды, – деді ол.
Өз тәжірибесімен Тереңкөл ауданы Песчаное ауылының ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Сания Кох та бөлісті. Оның айтуынша, тәрбиеленушілер бірнеше ай бойы дайындалған.
– Аптасына үш рет дайындаламыз. Балалар барынша тырысады. Көпшілігі үшін бұл алғашқы сахнаға шығу, сондықтан бұл өте маңызды тәжірибе. Біздің тәрбиеленушілер бұған дейін де жақсы нәтижелер көрсеткен: 2016 жылы Астанада өткен республикалық кезеңде Гран-при иегері атанды, кейінгі жылдары да жүлделі орындарға ие болдық, – деді ол.
Байқау қорытындысы бойынша әр номинацияда жүлдегерлер анықталды. Барлық қатысушылар дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-inform/press/news/details/1203561?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау