Қарағанды облысында жол жөндеу маусымына қызу дайындық жүріп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында жол жөндеу жұмыстарының жаңа маусымы басталды. Асфальт-бетон зауыттары іске қосылып, жол-құрылыс техникалары толық әзірлікке келтірілді.

Қарағанды қаласынан Ақтас кенті бағытына шығар жолда ең күрделі учаскелердің бірі — теміржол өткелі маңындағы жол бөлігіне асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Ауа райы тұрақталып, қолайлы жағдай қалыптасқан жағдайда жол жөндеушілер өзге нысандарда жұмыстарды жалғастырмақ.

Ботақара өңірінде асфальт-бетон зауыты мен ұсату-сұрыптау кешені қарқынды жұмыс істеуде. Мұнда Қарқаралы қаласынан Бүркітті ауылы аралығындағы жолды жөндеуге қажетті қиыршық тастың шамамен 70 пайызы алдын ала дайындалған.

«Қарағанды жолдары» компаниясына қарасты зауыттың басшысы Алексей Тимошенконың айтуынша, асфальт өндіру жұмыстары орташа тәуліктік температура тұрақты түрде 10 градустан асқан кезде басталады.

— Өндірістік үдеріс толық жолға қойылған. Асфальт қоспасының сапасы ең алдымен технологиялық рецептураның қатаң сақталуына және қолданылатын шикізаттың сапасына байланысты. Барлық құрамдар жұмыс басталмай тұрып-ақ Жол активтері сапасының ұлттық орталығында міндетті сараптамадан және келісуден өтеді, — деді Алексей Тимошенко.

Өндіріс технологиясы бірнеше кезеңнен тұрады. Әртүрлі фракциядағы қиыршық тас қабылдау бункерлеріне жеткізіліп, конвейер арқылы кептіру барабанына бағытталады. Мұнда материал ауа райы мен технологиялық талаптарға сай 100–180 градус аралығында қыздырылады. Кейін ол елеуіш арқылы өткізіліп, қайтадан фракцияларға бөлінеді.

Дозалау сатысында қоспаға инертті материалдар, битум және минералды ұнтақ зертханалық рецептураға сәйкес нақты пропорцияда қосылады. Барлық компоненттер өлшеніп, араластырғыш қондырғыға жіберіледі. Соның нәтижесінде температурасы шамамен 150 градус болатын сапалы асфальт-бетон қоспасы дайын болады.

Тасымалдау процесіне де айрықша мән беріледі. Қашық учаскелерге жеткізу кезінде қоспаның жылу режимін сақтауға мүмкіндік беретін арнайы қоспалар мен жабынды материалдар қолданылады.

Сапа бақылауы барлық кезеңдерде қатаң жүргізіледі. Техникалық қадағалау мамандары мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілдері үлгілерді зауыттан да, төселгеннен кейін де — керн үлгілері түрінде алып тексереді. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізілетін битум да зертханалық бақылаудан өтеді. Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жұмыстар қабылданбайды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1202694?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version