2026 жылғы 13 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне «ВМ Mining» ЖШС-нің Белоусов кен орнындағы №1 штольня аумағында топырақтың опырылуы орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, опырылу аймағының радиусы шамамен 100–150 метрді құрайды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелмеген. Қазіргі уақытта халық үшін қауіп жоқ. Аталған кен орны 2018 жылдан бері құрғақ консервацияда тұр. Деректерге сәйкес, Белоусов полиметалл кен орны 1797 жылы ашылған.
2018 жылға дейін мұнда жерасты әдісімен кен өндіру жұмыстары жүргізіліп, тау-кен жұмыстарының тереңдігі 700 метрге дейін жеткен. 2018 жылы қолайсыз экономикалық жағдайларға және түсті металдар бағасының төмендеуіне байланысты жұмыстар тоқтатылған.
Қазіргі уақытта қауіпті өндірістік объект иелеріне қатысты аумақты тексеру, жағдайды тұрақтандыру және авариялардың алдын алу мақсатында ықтимал тәуекелдерді жан-жақты бағалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, аталған жағдай Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kpb/press/news/details/1202847?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау