Жетісуда ерте диагностика нәтиже беріп отыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы үш айында мыңдаған тұрғын профилактикалық тексеруден өтіп, дерттің алдын алуға мүмкіндік алды. Дәрігерлер ауруды бастапқы кезеңде табу – толық сауығудың кепілі екенін алға тартады. Бұл туралы толығырақ Облыстық көпсалалы клиникасының директоры Мадияр Өмірбаев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
Жыл басынан бері облыс бойынша скринингтік тексерулердің алғашқы нәтижелері белгілі болды. Сүт безі обырын алдын алу мақсатында 11 666 әйел маммографиялық зерттеуден өтті. Нәтижесінде 31 әйелден ерте сатыдағы қатерлі ісік, ал 681 адамнан ісікалды жағдайлар анықталды. Бүгінде бұл азаматтардың барлығы диспансерлік есепке алынып, уақытылы ем-дом шараларын бастап кетті.
Жатыр мойны обырына қатысты жүргізілген цитологиялық зерттеулер де маңызды деректерді көрсетті. Тексерілген 8 126 әйелдің ішінен 8 адамнан қатерлі ісік, 232 әйелден ісікалды жағдайлар белгілі болды. Бұл көрсеткіштер тұрғындар арасында профилактикалық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Тоқ ішек обырын ерте анықтау үшін 14 800-ден астам тұрғын гемокульт тест тапсырды. Оң нәтиже көрсеткен 174 адамның 103-іне тереңдетілген колоноскопиялық зерттеу жүргізілді. Бұл диагностиканың арқасында 13 адамнан дерттің ерте сатысы, ал 21 тұрғыннан ауруға бейім патологиялар тіркелді. Мамандардың айтуынша, скрининг арқылы анықталған әрбір жағдай – сақталған өмір мен сәтті емдеудің бастамасы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде скрининг жоспары 93%-ға орындалған болатын. Әсіресе, колоректалды обыр бойынша қамту деңгейі өте жоғары болды.
Бүгінде Жетісу облысында қатерлі ісік диагнозымен барлығы 7 894 науқас есепте тұр. Оның ішінде сүт безі обырымен – 1 613, жатыр мойны обырымен – 600, ал колоректалды ісіктермен 557 адам тіркелген.
Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы барша тұрғындарды скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Скрининг – бұл қолжетімді, тегін және ең бастысы, сіздің денсаулығыңыз бен болашағыңызды қорғайтын тиімді құрал.
Есіңізде болсын: Ауру неғұрлым ерте анықталса, оны жеңу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Өз денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-comdev/press/news/details/1203494?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version