Айдар аясында туризм саласына қатысты өзекті сауалдарға нақты әрі түсінікті жауап береміз. Бүгін «Туроператорлар тізіліміне қалай тіркелуге болады?» деген сұраққа тоқталамыз.
Туроператор қызметімен айналысу үшін мемлекеттік электрондық тізілімге тіркеліп, лицензия алу қажет.
Қазіргі уақытта мемлекеттік электрондық тізілім деректеріне сәйкес туроператор қызметіне 745 лицензия берілген. Оның ішінде:
🔹шығу туризмі саласында – 49;
🔹ішкі, келу және шығу туризмі саласында – 52;
🔹ішкі және келу туризмі саласында – 644.
Сонымен қатар мемлекеттік тізілімде 12 392 турагент, сондай-ақ 388 гид, экскурсовод және туризм нұсқаушысы тіркелген.
Лицензияны қалай алуға болады?
Мемлекеттік қызметке өтінім беру «Электрондық лицензиялау» порталы – www.elicense.kz сайты арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Қызмет көрсету құны мен мерзімі:
🔸лицензия беру құны – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
🔸лицензияны қайта ресімдеу – лицензия беру құнының 10%-ын құрайды, бірақ 4 АЕК-тен аспайды;
🔸лицензия беру мерзімі – 6 жұмыс күнінен кешіктірілмейді;
қайта ресімдеу мерзімі – 3 жұмыс күніне дейін.
Лицензия алу үшін қойылатын талаптар
Туроператор қызметінің барлық түрі үшін мынадай талаптар белгіленген:
🔸қалыптастырылған туристік өнімнің болуы;
🔸туризм саласы бойынша білімі, кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар және кемінде бір қызметкердің болуы;
🔸меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі кеңсе үй-жайының болуы.
Шығу туризмі саласында жұмыс істейтін туроператорлар үшін қосымша түрде «Туристік Қамқор» кепілдендіру жүйесі аясында банктік кепілдік шартының болуы талап етіледі.
Қосымша ақпарат алу үшін Туризм индустриясы комитетіне 8 (7162) 74-15-08, 8 (7162) 74-17-34 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1203669?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау