Бекет ата мешіті-зиярат етушілер көптеп жиналатын қасиетті орындардың бірі. Өздеріңіз білетіндей, бұл жерге өңіріміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де мыңдаған туристер мен зияратшылар арнайы келеді. Осы орайда, аталған киелі орынның тазалығы мен келбетін сақтау мақсатында 18 сәуір күні ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған шара барысында мешіт маңындағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, жол жиектеріне жиналып қалған құмдарды тазарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, аумақтың келбеті айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар, мешітке көтерілетін баспалдақтардың кейбір тозығы жеткен тұстары қайта қаланып, тегістелді. Құрылыс жұмыстары мұқият әрі сапалы орындалып, нысанның сәулеттік үйлесімі мен беріктігіне баса назар аударылды.
Мұндай игі шаралар-туған жерге деген жанашырлықтың, рухани құндылықтарды қадірлеудің және қоғамдық белсенділіктің жарқын үлгісі. Бұл бастамалар өскелең ұрпаққа үлгі болып, елді мекендердің көркеюіне, тарихи-мәдени нысандардың сақталуына зор үлес қосары сөзсіз.
Осындай ауқымды әрі маңызы зор игі іске белсене атсалысып, сенбіліктің жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосқан «ӨзенМұнайГаз»АҚ ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз!
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1204161?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау