Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Айбек Сәттібаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Келес ауданына келіп, өңірдегі аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес шараларымен танысты.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев зиянкестердің алдын алу мақсатында аудан аумағындағы 217 600 гектар жер 19 секторға бөлініп, әрбір аймаққа жауапты мамандар бекітілгенін атап өтті. Қазіргі таңда жоспарланған 143 350 гектар алқаптың 57 мың гектардан астамы толық зерттеліп, зиянкес ошақтарын анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бұл маңызды іске барлығы 295 адам жұмылдырылса, оның ішінде 75 ерікті мониторинг жүргізу мен жедел ақпарат алмасу бағытында белсенділік танытып отыр. Химиялық өңдеу жұмыстары да қарқын алған: бүгінгі күнге дейін 23 мың гектардан астам алқап арнайы препараттармен залалсыздандырылды.
Жұмыс сапарының соңында мемлекеттік инспектор шегіртке ошақтарының көршілес аумақтарға таралуын болдырмау үшін күнделікті бақылауды барынша күшейтуді және анықталған ошақтарды химиялық өңдеуден өткізу мерзімін барынша қысқартуды тапсырды.
Сонымен қатар, жергілікті шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатып, оларға сақтық шараларын түсіндіруді және қолданыстағы техникалар мен препараттар қорының үздіксіз жеткізілуін қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1204234?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау