Өңірде «Жасыл балабақша» жобасы таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыста мектепке дейінгі жастағы балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Жасыл балабақша» жобасын іске асыру жалғасуда. Аталған бастама облыстық «Таза Қазақстан – таза болашақ» экологиялық фестивалі аясында таныстырылып, онда балабақшалар өздерінің үздік тәжірибелерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба балаларға табиғатқа ұқыпты қарау негіздерін ерте жастан бастап сіңіруге мүмкіндік береді. Тәрбиеленушілер тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибелік жұмыстарға белсенді қатысады, бұл олардың экологиялық ойлау қабілетінің қалыптасуына ықпал етеді.

Фестиваль барысында мектепке дейінгі ұйымдар әртүрлі бағыттағы зерттеу жобаларын ұсынды. Мәселен, №7 «Арман» балабақшасы екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл дәріхана» жобасын таныстырды. Жоба аясында балалар дәрілік өсімдіктермен танысып, оларды отырғызу мен күтіп-баптауды үйренеді, сондай-ақ шөптерді жинау және қолдану кезеңдерін меңгереді.

Жоба жетекшісі Раиса Суханберлиеваның айтуынша, тәжірибелік жұмысқа ерекше мән беріледі: тәрбиеленушілер өсімдіктерді қазақ және орыс тілдерінде оқып-үйреніп, алған білімдерін күнделікті өмірде, соның ішінде суық тиюдің алдын алуда қолданады.

Сонымен қатар фестивальде «Терезе алдындағы бақша», қалдықтарды қайта өңдеу жобалары және балалардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған эксперименттік алаңдар таныстырылды.

«Қалдықтарға екінші өмір сыйла», «Eco Herb Kids» және «Ақ бордан – экоәлемге» жобалары аса қызығушылық тудырды. Ойын және тәжірибелік тәсілдер арқылы балалар табиғи ресурстардың құндылығын түсініп, оларды ұқыпты пайдаланудың маңызын меңгереді.

№49 «Думан» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Саликова да өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, мекемеде практикалық оқытуға басымдық бар.

«Біз балаларға тек білім беріп қана қоймай, оны өмірмен байланыстыра үйретуді маңызды деп санаймыз. Сондықтан түрлі тәжірибелер, танымдық сабақтар және практикалық жұмыстар ұйымдастырамыз».

Таныстырылым барысында тәрбиеленушілер суды үнемдеу жолдарын түсіндіріп, ластанған суды тазарту және қайта пайдалану тәсілдерін іс жүзінде көрсетті.

«Жасыл балабақша» алаңы фестивальдің маңызды бағыттарының біріне айналып, қала мен аудан балабақшаларынан 100-ден астам қатысушыны біріктірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1204107?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version