Байқоңыр қаласындағы №273 орта мектепте Қызылорда облысының 100-ден астам педагогі, сарапшылары мен білім беру қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Адал азамат: табиғатқа жанашырлық және суға құрмет» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан балалары мен жастары арасында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба ЮНИСЕФ, Француз даму агенттігі және Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқару комитетінің бірлескен қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Қатысушылар өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және су ресурстарына ұқыпты қарау мәселелерін талқылады, табысты кейстерді ұсынды, жастарды экологиялық тәрбиелеудің заманауи тәсілдерін қарастырды және тұрақты даму тақырыбын білім беру процесіне интеграциялау бойынша тәжірибе алмасты.
«Семинардың негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық ойлауын және табиғатқа жауапкершілікпен қарауын дамытуға бағытталған «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыру. Іс-шара барысында экологиялық білім беру саласындағы озық педагогикалық тәжірибелерді енгізу мен таратуға ерекше назар аударылды. Семинар жұмысының қорытындысы бойынша өңір педагогтеріне экологиялық білім берудің тиімділігін арттыруға арналған практикалық ұсыныстар әзірленеді», – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1204365?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау