2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында салықтық тексерулерді жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізілді, Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқама салық төлеушіге жазылып берілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етілуге тиіс. Бұл ретте нұсқамаға шағым жасалған жағдайда тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді. Аталған шара бақылау рәсімдерінің созылуын болдырмауға және оларды уақтылы аяқтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Салықтық тексерудің барлық құжаттары (құжаттарды ұсыну туралы талап, салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабархат, салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама), нұсқаманы қоспағанда, салық төлеушінің кабинеті арқылы электрондық тәсілмен табыс етіледі.
Салық органының нұсқамасында көрсетілетін салықтық тексеру мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Салық кодексінде өзгеше белгіленбесе, нұсқама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Құжаттарды ұсыну туралы талаптарды орындау мерзімдері 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Салық төлеуші (салық агенті) құжаттарды ұсыну үшін қосымша мерзім қажеттігі туралы өтініш берген жағдайда, салық органы сұратылған құжаттардың көлеміне қарай орындау мерзімін отыз жұмыс күніне дейін ұзарта алады.
Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін мұндай талаптардың саны тексеру кезеңінде екі реттен аспауға тиіс. Бұл норма мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлері мен тексерілетін салық төлеушілер тарапынан тексеру мерзімдерін негізсіз созу жағдайларын болдырмауға бағытталған.
Тексерулерді жүргізу мерзімдері қайта қаралды: оларды ұзарту мерзімдері қысқартылды (5-тен 20 жұмыс күніне дейін), мониторингтегі салық төлеушілерді қоспағанда. Микро, шағын және орта бизнес субъектілері үшін тексерудің жалпы мерзімі оның басталған күнінен бастап 180 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Бұл шектеу ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық шеңберінде шет мемлекеттерге сұрау салу жағдайларына қолданылмайды.
Тексеру аяқталғанға дейін талап қою мерзімін ұзарту көзделген, сондай-ақ оның аяқталуына 30 күнтізбелік күн қалғанда тексеруді тағайындауға тыйым салынған.
Жалпы алғанда, қабылданған өзгерістер салықтық бақылаудың тиімділігін арттыруға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1203985?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау